Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  103


Автор: Байыт Қабанұлы

ҚАЙРАН ДА МЕНІҢ ҚАЗАҒЫМ

Қобызды алсам қолыма,
Қорқыттың түсем жолына.
Қорлықтың көнбей қорына,
Тобырдың кірмей тобына,
Толқын да толқын өмірдің,
Тоқтамай бар мен жоғына,
Бір түйір ғана дауа іздеп,
Сормаңдай елдің сорына.
Жаһанды кезсем деп едім,
Ер салып тоқ жал торыға.
Қолымнан түк те келмеді,
Ойымнан түк те өнбеді,
Сенбеді жандар сенбеді,
Қорқыттың кез ғып орына.
Қайран да менің Қазағым.
Бастар ма Алла оңына?!
Шырмай ма шандыр торына!?
Қауырсын алдым қармадым,
Қанатты қақтым самғадым,
Қазақтың жоқтап заңғарын,
Қайғырып қақсап зарладым
Қасыма ешкім келмеді,
Келсе де қайыр бермеді,
Таңымды таңға жалғадым.
Басына түстім балғаның.
Сараң да сараң дүние – ай,
Ештеме таба алдмадым.
Қайран да менің Қазағым.
Табылар ме екен талғамың,
Арылар ме екен зардабың.
Шалғыңды қиса шарықтап,
Тамырыңды үзсе талып қап,
Жаныңа тисе жанып қап,
Жалын боп жандың шалықтап.
Арыңа тисе қылыш боп,
Құйылған бейне құрыш боп,
Көтердің басты анықтап.
Панасыз қыздай жан ықтап,
Паналай жүріп парықтап,
Үзіліп кетпей ұмтылып,
Бүгінге жеттің арықтап.
Қайран да менің Қазағым.
Қай тағдыр қашан жарытпақ.
Бағыңды қашан дарытпақ?!
Туғанда қазақ көш дедің,
Өлгенде қазақ көш дедің,
Көштің де жүрдің ескермей,
Табаныңды тас тескенін.
Жауға да кетті төстегің,
Суға да кетті ескегің,
Іир да қиыр тағдыр-ай,
Оюуы сынды кестенің.
Елім - айласа естегі үн,
Сексенге келген шалың да,
Көргем жоқ белін шешкенін.
Қара таудан көш келсе,
Беліне қанжар байлады,
Бесікте жатқан бестегің.
Қайран да менің Қазағым.
Өспедің бірақ өспедің.
Өшпедің бірақ өшпедің!
Түн көрінген түріңнен,
Мұң керілген үніңнен,
Ән естілген даусыңнан,
Таң көрінген дініңнен,
Мың көрінген біріңнен,
У тамызған тіліңнен,
Бал тамызған тіліңнен,
Қайран да менің Қазағым.
Кем қалсаңда білімнен,
Айналдым сенің діліңнен.
Қайран да менің Қазағым.
Қайран да менің Қазағым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу