Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  55


Автор: Хамит АЙДАРҰЛЫ

АҚЫН

Сұлу дүние сұлбасы суық күліп,
Ауыр жүгін барады иыққа іліп.
Кездігінен мезгілдің қан тамады,
Жапырақтың жүрегін тіліп-тіліп…
Аялда, күз, кідіре тұршы, уақыт,
Керуен-ғұмыр барады мұң шұбатып.
Шайыр шалқып отырды шарабынан –
Мұғжизалы музаның исі аңқып!
Домалайды шық болып құрақтағы із,
Аттанып бара жатыр жыраққа күз.
Өлеңі-дерт, өзі-адам – ақын деген,
Сен оны жылатпа күз, жылатпа қыз!
Барады тағдыр-сағат, қарқыны үдеп,
Ақынға жараспайды жалқы жүрек.
Онсыз да жұбататын достары жоқ,
Онсыз да жылататын жақыны көп…
Сен оны жылатпа күз, жылатпа қыз…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу