Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  76


Автор: Данте Алигьери

СЕГІЗІНШІ ЖЫР

Айтайын жалғастыра; мұнараға
Едәуір жер қалғанда, аялдадық;
Діңдері көрініп тұр бұл араға.
4 Жанған от түсті көзге екі діңнен,
Көрінді үшіншісі және алыстан,
Білуге мұның жайын бекідім мен.
7 Көз тастап дария ақыл кемеңгерге,
Сұрадым: «Бұл оттардың сыры неде?
Себеп не, белгі беріп, елеңдерге?»
 10 «Көзіңді көк тұманға батыр, жаным, –
Осылай жауап берді ол. – Сор үстінен
Аңдарсың кімді олардың шақырғанын».
13 Жолында жан қалдырмай аңырмаған,
Зыр етті ауа тіле шағын қайық,
Жебедей зулай ұшқан адырнадан.
16 Зулады ол, үрей қоса сұсты ағынға,
Даурыға айғайлады ескекшісі:
«Әб-бәлем, күнәһарым, ұстадым ба!»
19 «Флегий, барар болсаң байыбына, –
Деді ұстаз, – үстемдігің бірер сәттік,
Мінеміз қаймықпастан қайығыңа».
22 Қолынан сусып кетсе ұмтылғаны,
Ашуға булықпай ма алданған жан,
Дәл солай Флегий де бұрқылдады.
25 Қайыққа аттады ұстаз, алға басып,
Ілестім мен де; сол сәт сезілген-ді
Қайықтың кеткендей боп салмағы асып.
28 Тигені сол-ақ еді тақымымыз,
Зулады ытырыла көне қайық,
Су бетін қақ айыра, батырып із.
31 Кезігіп тажал суда азалы жан,
Мөлие қарады да, жөн сұрады:
«Кімсің, – деп, – озып жүрген ажалынан?»
 34 Мен айттым: «Ізім қалмас, шарлағанмен.
Ал мұнша азып-тозған өзің кімсің?»
Ол айтты: «Бақилықта зарлаған – мен».
37 Мен айттым: «Зарла, көміл ұйығыңа!
Ғарық бол тажал судың батпағына!
Таныдым, қарай тұрып сиығыңа».
40 Сол сәтте ол қолын соза тырбыңдады;
Жолбасшым ашулана кері итерді:
«Кет, қосыл иттеріңе құрдымдағы!»
43 Ұстазым құшағына ала мені,
Сөйледі: «Сұмпайы боп туды ғой бұл,
Нәсілі абзал ойлы адам еді!
46 Тірлікте бұл қаншелек өркеуде еді,
Зар қаққан жұрты қарғап, нәлеттейтін;
Міне, енді көз, құлағын сор кеуледі.
49 Жалғанда желіккендер өктемдене
Доңыздай домаламақ сор, лайсаңда,
Қор болмақ қол-аяғы көктен келе!»
52 Мен айттым: «Шіркін-ай, бір көрер ме едім
Мынаның сорға қалай жұтылғанын;
Ұстазым, қайықты сәл бөгер ме едің!»
55 Ол айтты: «Арғы бетке біз барғанша,
Айызың қанар әбден рахаттана;
Қалдырмас түгін, рухтар ызбарланса».
 58 Сол сәтте бейшараға анталаса,
Лап қойды ашу буған нас сұлбалар;
Мен дұға оқи бердім жанталаса...
61 «Ұстаңдар Арджентиді!» Үстемірек
Үн шықты. Жан ұшырған байғұс әруақ
Жоқ қылды өзін өзі тіспен іреп.
64 Жойылды ол, мен де енді сөз етпейін...
Ащы зар құлағыма жетті сол сәт,
Көздерім бақырайды көжектейін.
67 «Ұлым, – деп сөз жалғады ұлағаттым, –
Анау – Дит қаласы, онда қамалады
Ең бейбақ шерлілері мына қаттың».
70 Мен айттым: «Ұстаз, анау дуалдардың
Ішінен тақуажай жалқындайды;
Қып-қызыл отқа оларды суарған кім?»
73 Ол айтты: «Бақи оты – ол; шашылады,
Қызарта сап түзеген мұнараны;
Төменгі Тамұқ енді ашылады».
76 Құлдилай қайық, орды сызғылайды;
Толқындар соққылаған сом дуалдар
Құрыштан құйылғандай мызғымайды.
79 Шарладық, артта қалды шиыр қанша,
Түнерген тұнжыр судың қайықшысы:
«Айлаққа жеттік, түс!» – деп бұйырғанша.
 82 Аңғардым жауғандарды көктен жүздеп;
Қақпашы бізге қарап, дігірледі:
«Мынау кім, келетіндей өткелді іздеп?
85 Тірі жан әруақтарға қалай келген?»
Жолбасшым біздің сапар жайымызды
Айтпаққа, қақпашыны жанай берген.
88 Елеурей сөйледі олар басым-басым:
«Өзің кел, қасыңдағың әрі кетсін,
Әлемін әруақтардың басынбасын.
91 Қаласа, ессіз жолын қайталасын,
Алайда сен қаласың бізбен бірге,
Тынады сенің түнмен тайталасың».
94 Дәмегөй үміт желі сап басылды,
Әлгіндей кесімді сөз айтылғанда;
Түсіндім қайтар жолды таппасымды.
97 Жалындым: «О, абзалым көсем жүрек!
Жеті рет.., тіпті одан көп құтқарып ең,
Қайғыдан қалғанымда есеңгіреп.
100 Тастама мені қатер оқпанына!
Қаланың қақпасынан өте алмасақ,
Түсейік қайтар жолдың соқпағына!»
103 Жол бастап, жаныма ерген қаһарманым
Тіл қатты: «Алаңдама; үзілмейді
Жазылған жазмышыңа сапарларың.
 106 Күт мені, тізгін берме ішкі алаңға;
Талайын тар қыспақтың бірге өткенбіз,
Кейін де қалдырмаймын қысталаңға».
109 Ізгі әке ұзай берді тартысуға,
Мен қалдым; күмән шөккен көңілімде
Итжығыс «иә» мен «жоқ» шарпысуда.
112 Білмеймін не айтқанын асқан дарын;
Аңдадым: апыл-ғұпыл тілдескен жау
Жандәрмен қақпа артына қашқандарын.
115 Жабылды қақпа, көрдім шаң ұшқанын;
Жартасқа соғылғандай өр кеудесі,
Тұнжырай, кейін қайтты данышпаным.
118 Жанары тұмандана, наласы да
Бетке ұра, ызалана күбірлейді:
«Кім жол жаппақ қасірет қаласына!»
121 Үн қатты ол маған қарап: «Шошынбағын;
Қамықпа, менің жеңіп шығарым хақ;
Қақпа ма сонда менің тосылмағым?
124 Қорқа алман дөңайбаттан жасып, қашып;
Осылай болған бұрын сырт қақпа да,
Ал қазір жатқан жоқ па ашық-шашық.
127 Жазылған сөз көргенсің қақпада ашық;
Мінекей, сол тұстан ол төмен түсіп,
Келеді нөкерсіз-ақ қаттан асып,
130 Береді өз қолымен қақпаны ашып».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу