Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  69


Автор: Данте Алигьери

ЖЕТІНШІ ЖЫР

«Рарè Sаtáп, рарè Sаtáп аlерре!» –
Ышқынды Плутос та көмей жырта.
«Қырылдай берсін, мейлі, алаң етпе, –
4 Дем берді маған солай ғұлама жан, –
Қорықпа; кім кедергі етпек бізге
Өтерде мына құздан, құламадан?»
7 Ызадан ісіп-кепкен қырылдаққа
Ол айтты: «Үніңді өшір, бәле тигір!
Аулақ кет, өңешіңді сырылдатпа!
10 Түнекке түсеміз біз, келелеспе;
Көктегі бүлікшілді Михаилдың
Күшімен күйреткенмен ерегеспе».
13 Құйынға қалса кенет ұшырасып,
Қаңғалақ қағатұғын қалбағайша
Қалбақтап кетті қорқау, пысы қашып.
16 Құлдадық біз тауқімет жағасымен
Жиналған бар сұмдығы дүниенің;
Жатты алда – төртінші қат аласүрең.
19 Құдай-ау! Көзім көрген мына азаптың
Есебін айта алар жан табылар ма?
Бұларға қай ісі үшін кінә жақтың?
 22 Харибда толқындары тайқығандай,
Бір-бірін алқымдаса қақтығысып;
Мұнда да қырқысуда ел тайқы маңдай.
25 Бұлардың көрінбейді шеті-шегі;
Екі лек қарсы жөңкіп бір-біріне,
Кеуделей қақтығысып, шекіседі.
28 Бір құлап, бір серпілген тасқын дене
Жандәрмен ығысады; ызалана
Айтары – «Не үшін жидың?», «Шаштың неге?»
31 Бұлыңғыр буды кеше, жұлқынады,
Ортаға ентелейді екі жақтан,
Бір-бірін балағаттай қылқынады.
34 Жаңғырта түнекті айғай-сүрең үнмен,
Сұлбалар серпілгенде төбелестен,
Сұрадым, қан тамшылай жүрегімнен:
37 «Жолбасшым, осыншама өлермен кім?
Шынымен бәрі дүмше діндарлар ма
Жолыққан сол қанаттан төбелдердің?»
40 Ол айтты: «Жан-жағыңнан қаптағандар –
Тірлікте ен байлықтан ақылы азып,
Қиюын ысыраптың таппағандар;
43 Итше үріп, жағаласып, жармасқандар;
Көкейін кек тескенде, беттескенде,
Біріне бірі қарсы арбасқандар.
 46 Тақуаң – анау, дінін ескермеген;
Папа да кезігеді, кардинал да,
Ешкімге сараңдықтан дес бермеген».
49 Мен айттым: «Ұстаз, мен де мұндағының
Біразын танып қалдым; сұм еді олар,
Ішінде өскен арсыздық құндағының».
52 Ол айтты: «Танымайсың ешбірін де;
Бұларды сұмпайы өмір қырына алып,
Аяусыз сойқақтаған кеспірін де.
55 Өкірмек мәңгі көрдің қуысында:
Мыналар – жұдырығын жұмған күйі,
Аналар – түк жоқ күйі уысында.
58 Дәулетін зая еткен де, қимаған да
Осылай әуреленбек қияметте;
Ойға түй не қажетін дилы адамға.
61 Көрдің ғой, ұлым, жалған екендігін
Фортуна тартулаған алданыштың,
Жердегі желіктердің бекерлігін.
64 Алтынның бәрін жиып жер үстінен,
Берсең де мына бейбақ сұлбаларға,
Көрмес ең риза болған келісті рең».
67 Мен айттым: «Сырыңды, ұстаз, тартулағын!
Өзінің тырнағымен бар нәсілдің
Бақытын басып тұрған Фортуна кім?»
 70 Ол айтты: «О, ақымақ пенделер-ай!
Ақылың қамалыпты-ау қараңғыға!
Тыңдап ал, сәуле шашсын мендегі арай.
73 Данамыз келтірместен өзіне сын,
Жаратып дүниені, көсем бөлді
Әрқайсы жайнатсын деп өз үлесін.
76 Кезекпен алқап сұмды, игіні де,
Жер үстін жарқырату тиген еді
Жазмыштар әміршісі билігіне.
79 Қаласа ол, бақытқа адам жолығады;
Әулеттен әулетке өтіп, елден елге,
Ажалдың сағатын да ол ұрады.
82 Елді елге, жанды жанға бағындырып
Жүрсе де, көзге түспей жылыстайды,
Жыландай, қашқан шөпті жамылғы ғып.
85 Ол айтса, бөтен ойдың мәні кетер;
Екі етпес болжамын да, кесімін де,
Өзге де құдайларша әмір етер.
88 Құштар ол таңды арайлай атқызуға;
Бір сәт те тыным таппай, асығады
Баршаға бақыттан дәм татқызуға.
91 Ғайбат та жұққыш оған, жаман ат та;
Алғысқа лайық мінез танытса да,
Жолығып жатады тек балағатқа.
 94 Сыр бермей ізгі әйелдің күйі, реңі,
Алғашқы жаралғандар арасында
Жайраңдап, дөңгелегін үйіреді.
97 Жә, енді тауқіметке төмендейік;
Жұлдыздар жылыстауға бет түзепті,
Жараспас біз танытсақ көбең кейіп».
100 Біз қатты қиып өттік; көлденеңдей
Жолықты ағынды су; су аяғын
Шыңырау жұтып жатты шөлдегендей.
103 Әлгі су кетеді екен ылдиға ағып;
Біз де енді қызғылт-күрең суды қуа,
Соқпақпен тау қиялай құлдиладық.
106 Ағын су қарамастан жал, тасыңа,
Стикс батпағына құйылуда,
Орныққан сұп-сұр таудың қалқасына.
109 Көз салдым жылымына обыр көлдің:
Белшеден батып тұрып сор – ұйыққа,
Жалаңаш жалақтаған тобыр көрдім.
112 Бұл тобыр қырғын аңсай бұлқынады,
Қол, аяқ, бас, кеудені түгел жұмсап,
Бірі-бірін жұлып жердей жұлқынады.
115 Ұстазым айтты: «Ұлым, бұл көргенің –
Ашуға бой ұрғандар; бірақ әлі
Толқынның астын аңдап үлгермедің.
 118 Онда да адамдар бар; аһ ұрғанда,
Су беті көбік шаша көпіретін.
Көзің сал, көргің келсе, батылдан да.
121 Тұншыққан сайын олар күңкілдесер:
«Таза ауа, күн нұрынан рахат таппай,
Тірлікке налыдық-ау, бір күн көшер!
124 Ал, шерлен, енді мұнда сорға батып».
Осы зар көмейлерде кептеледі,
Қайғылы көздің жасын сорғалатып».
127 Орағыта батпақ пен құм аралын,
Көз сала балдыр жұтқан байғұстарға,
Жиектей жылым лайдың мың аранын,
130 Тірелдік етегіне мұнараның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу