Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  66


Автор: Данте Алигьери

БЕСІНШІ ЖЫР

Алғашқы қаттан өтіп, ылдиладық
Екінші қатқа, аумағы кішіректеу;
Бұл жерде зар илеуде ылғи ғаріп.
4 Ішке енген бойда Минос бөгелтеді,
Күнәні елеп-екшеп, қияметке
Жол нұсқай құйрығымен, жөнелтеді.
7 Құдайдың қаһарына ұрынғанның
Тартылып таразыға ақ-қарасы,
Мекені меңзеледі шыбын жанның.
10 Тұрағын табар байғұс Тамұқтағы;
Миностың құйрығы оны қанша ораса,
Сонша қат төмендейді ол қамыққалы.
13 Тобырға толады ылғи босаға лық;
Күнәһар төрешіге жалынғанмен,
Алдынан тек тұңғиық тосары анық.
16 «Ей, пенде, шерлі әлемге аяқ басқан! –
Мейірсіз Минос маған айғайлады,
Арамыз екеуіміздің – таяқ тастам, –
 19 Не үшін келдің, кім анау қасыңдағың?
Арандап қалма алаңсыз өтемін деп!»
Жолбасшым жауап қатты: «Тасынбағын!
22 Тамұқтың жолын жауып, ойқастама!
Бұл жанды күтуде аспан дүниесі;
Сөзді қой, айтқаныма ой таста да».
25 Ыңырсу, күйзелулер алыстағы
Естіле бастағанда айқындала,
Кеудемді қайғылы зар жаныштады.
28 Мен тұрмын, төңірегім – қараң ғалам;
Тура бір түпсіз теңіз ұлитындай
Құйындар қыспағында жалаңдаған.
31 Құйын жел тыншымастан тамұқтағы,
Қалбалақ қақтырғанда қаңқаларды,
Байғұстар қаңбақтайын қалықтады.
34 Сәттерде, олар құзды жанап аққан,
Құлағың тұнады айғай, жалыныштан,
Құдайды нәлеттеген балағаттан.
37 Қат екен бұл көз ашпас қасіреттен,
Зауалы осында екен зинақордың,
Нәпсіні ақыл-ойдан басым еткен.
40 Құстардай қанат қаға безектеген,
Сары аяз ызғырығы қарығанда;
Үйірілді сұлбалар да кезекпенен.
 43 Бейбақтар зар қағуда, зыр қағуда,
Азаптан арылудан үміт үзе;
Ұмытылған ырғалу да, жырғалу да.
46 Көшіндей түстікке ұшқан тырналардың,
Мұңлы әнін аманаттай тау шыңына;
Тобыры өтіп жатыр сұлбалардың.
49 Жынды жел ұйытқуда үйіріле.
Сұрадым: «Ұстаз, мына байғұстар кім
Шоршыған, шоқ басқандай бүйіріне?
52 Ол айтты: «Көрдің бе анау топ басшысын;
Бұл әйел билік еткен патшалыққа
Талай тіл мойынсұнып, топтасты шын.
55 Бұл әйел тән рахатын таразы ғып,
Жол ашты айыл жимай сайрандауға,
Елінде тумау үшін наразылық.
58 Бұл әйел Нинмен неке кескен еді,
Айналып Семирамида патшайымға;
Кейіннен Сұлтанға елі көшкен еді.
61 Мынаған жанасқанға қайғы даяр,
Сихейдің әруағын да қорлаған ол;
Ал мынау – Клеопатра, әйгілі аяр.
64 Ал анау – Елена ғой, құса-мұңға
Жол ашқан; мынау – Ахилл, жаужүрек ер,
Жеңілген тек махаббат құшағында.
 67 Парис тұр Тристанның аржағында».
Көрсетті ол қолмен нұсқай сан сұлбаны,
Зар қаққан құмарлықтың қармағында.
70 Естідім есімдерін ардақталған
Ерлер мен арулардың; жаным жүдеп,
Сол мезет жүректі мұң қармап қалған.
73 Тіл қаттым: «Білсем деймін жауаптарын
Жұптаса үйірілген қос елестің;
Жел неге қинайды екен қауақтарын?»
76 Жолбасшым айтты: «Оларды жақынырақ
Жел қуып келсін десең, шақыр өзің,
Тоқтайды сонда олар да батылырақ».
79 Оларды бара жатты жел ықтырып.
«О, қасірет рухтары! – деп үн қаттым. –
Келіссе Ол, сыр аш, маған сеніп тұрып!»
82 Шақырса жылы ұясы тағатты ала,
Жарыса көгершіндер самғамай ма,
Сағыныш сезімімен қанаттана.
85 Дәл солай, қос сұлба да жарып аға
Түнекті, Дидонаның тобын тастап,
Бұрылды, тілегімді қабыл ала.
88 «Тірі адам, байқауымша, жаның ізгі;
Қапаста қиналсақ та, біз екеуіміз
Қосқанбыз жер бетінде қанымызды.
 91 Жаратқан, әттең, бізден ерік үзді;
Әйтпесе, түсер едік арашаға,
Ұққаның үшін қайғы-шерімізді.
94 Құмартсаң, көңіліңнің күйі ынтығып,
Әзірміз сөйлеуге де, тыңдауға да,
Осылай тұрар болса құйын тынып.
97 Туғанмын мен сонау бір жағалауда,
Қажыған жаушыға ұқсай толқындары
Жөңкитін По өзенін сағалауға.
100 Қос жүрек махаббатпен табысқан-ды;
Амал не, ынтықтырған ғазиз тән де
Ажалдың азабымен жанышталды.
103 Болдым да махаббатқа ерікті күң,
Еліге бұғауландым сүйіктіме;
Көрдің ғой бұл бұғаудың беріктігін.
106 Жолында махаббаттың құштық ажал,
Күніміз Каинада сөнері анық».
Ілесті жан сырына қыстыға зар.
109 Қайғылы қаңқалардан деміккен леп
Бетке ұрып, өрт шарпыды өзегімді.
Сұрады ұстаз: «Мұңайдың неліктен?» – деп.
112 Мен айттым: «Кім бар ұғар жас талабын,
Қаншалық қасиетті армандардың
Оларды осы азапқа бастағанын!»
 115 Содан соң сөз арнадым сұлбаларға:
«Сөзіңді тыңдадым мен, Франческа,
Кеудеме қайғы тұна, мұң – жанарға.
118 Аңғартып ләззатты құт ұяны,
Сездірген қай ғылымы махаббаттың
Сендерге жүректегі құпияны?»
121 Айтты әйел: «Тауқіметке ұрынса адам,
Есіне жиі алады шат күндерін.
Досың да айтқан шығар бұрын саған.
124 Білуге құштарлансаң баян-жайын
Бақытсыз махаббаттың, онда мен де
Сөзді де, көз жасын да аянбайын.
127 Бір күні қолымызға іліккен-ді
Ланчелот жайындағы көркем жазу;
Оқыдық, ішке тарта бүлік демді.
130 Түйісті әлсін-әлсін көздеріміз,
Жан сыры жүзімізге қалқып шыға;
Ұмыттық хикаядан өзгені біз.
133 Тұсы еді хикаяның қаһарманы
Аяулы ерінді өбе, аймалайтын;
Сезілді маған да от тақалғаны.
136 Сәт еді ол егіз жүрек отын басқан.
Сол кітап болды бізге Галеоттай!
Сол парақ ашық қалды оқылмастан».
 139 Әйелдің қасіретті мұңын ұқтым;
Жабырқап, жаным жадап, маңдайыма
Сұп-суық тер тепсіне, құмығыппын;
142 Тірлікті тәрк еткендей, жығылыппын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу