Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  85


Автор: Жанат Әскербекқызы

Түн. Жапырақ түс көрді...

Түн. Жапырақ түс көрді...
...Айнала – жасыл, жадырап тұр маң,
Шуақ пен шаттық шаңырақ құрған.
Шақырды мұны ойынға кел деп,
Жапырақ біткен... жамырап тұрған.
Билейді бұл да күлкіге бөгіп,
Құп-құйттай бойдан мың тілек өріп.
Терек те бір сәт сергіп қалғандай
Тіп-тік тұлғасын сілкіне керіп.
Жап-жарық әлем шырайлы неткен,


Жапырақ сусын сұрайды көктен.
Кенеттен...жүзін уайым бүркеп,
Егіліп тұрып, жылайды көктем.
Сұрғылт түске аспан боялып кетті,
Ғайып боп сәтте той анық кетті.
Мұп-мұздай тамшы тітіркендіріп,
Селк етіп жапырақ оянып кетті.
Жайдары, жарқын ұрлап ап күнді,
Тұнжырап бұған түн қарап тұрды.
Жасыл реңі сарғайып қапты,
Мизам боп бір сәт мұң қарап тұрды...
...Жапырақ қалғып кетті...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу