Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  60


Автор: Жанат Әскербекқызы

Озбырлықтан бір өзін ала қашқан...

Озбырлықтан бір өзін ала қашқан,
Аласұрар ақ қарда жалаңаш тән.
“Адасқан ба есінен” дегендей-ақ
Сықпытына шошынып қарады аспан.
Лыпасы жоқ, жабатын абыройын,
Талақ қылып тірліктің жауыр ойын.
Сая таппай аспан-жер арасынан
Жалаңаш тән – жазықсыз пәруайым.
Сумақы жел тінткілеп тұла бойын,
Арсыздықпен мазақтап қылады ойын.
Ұятты ұқпас тексізден қорғана алмай,
Шарасыздан ашады сірә, қойын.
Қайда барып паналар, қайда налып,
Тамырынан ыстық қан қайнап ағып,
Аласұрған бейшара жансыз қалды,
“Бәрі жалған” дейтұғын жайға қанып.
Ана-дала қайтеді, мың таланды,
Жамылғы қып кіршіксіз ұлпа қарды,
Абыройдан адасқан бел-перзентін
Құрсағына қамығып, қымтап алды.
Ниетім бар фәниден бір сыр ұқпақ,
Көнекөз тау керегін тұр сұрыптап,
Қара қанмен кетпек ем қарды айғыздап,
Селк еткізді сұр аспан күрсініп қап…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу