Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  55


Автор: Жанат Әскербекқызы

Көктем оған шырайлы көрік берген...

Көктем оған шырайлы көрік берген,
Сырлы үні де көктеммен еріп келген.
Таңдай қаққан найзағай дауысымен


Қорғасын-бұлт төбеден төніп көрген.
Аппақ тәні күн көзін сүріндіріп,
Бірін ашып, сырының бірін бүгіп,
Самал желмен сөйлескен жұмбақ үні
Әлденені тұрғандай ұғындырып.
Тұнжыр түн де дамылдап кеудесіне,
Қызғаныштан ай-жұлдыз төнді өшіге.
Соның бәрін арбаған ару қайың
Табиғаттан алған-ау мол несібе.
Күйіп-жанып, демімен өртеп өңін,
Шілде де өтті, қу қызық келте ме едің.
Білген шығар, мүмкін ол көп ұзамай,
Дәурені өтіп, күйініп дерт емерін.
Ана аспанды, жасытып мына белді,
Жел үнімен ақ қайың жылады енді.
Жұрдай болып бір күні жапырақтан
Тырдай болып, дірдектеп шыға келді.
Келер көктем...келеді кезегімен,
(Уақыттың сынына төзе білем).
Төзер қайың, бәрібір қайғырады ол
Күрсінгенде шоқ ұшып өзегінен.
...Қыстың таңын сезінбей атырады,
Мұз боп қатып көз жасы, аһ ұрады.
Қайта келіп бұтағын тербемейді-ау,
Қар астында тұншыққан жапырағы.
Көп ұзамай тіршілік басталады,
Табиғаттың жылиды қас-қабағы.
Қонақтайды қайыңға мың жапырақ –
Былтырғы емес бірақ та, басқа бәрі.
Өмір – жалған, қалайша білмей өтем.
Егіле ойлап, ертеңді түндей етем.
Өткен күндер – үзілген жапырақтар,
Көретұын тағдыры бірдей екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу