Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  84


Автор: Жанат Әскербекқызы

Өскеменмен сырласу

Бұлт болып төбесінен көшкен өлең,
Алтайда арман қала – Өскемен ең.
Қимайсың жат көздерге қадіріңді,
Жимайсың айылыңды ештемеден.
Ертіске етегіңді малып тұрып,
Өксісең, өткеніңнен зар ұқтырып,
Күмбірлеп қобыз-кеудең кетеді-ау бір,
Жанымды толқын-мұңға ғарық қылып.
Самалы сағыныш боп ескен қалам,
Бір әуен жетер көне көштен маған.
Басына екі талай күн туғанда
Ертісті етігімен кешкен бабам...
Су ішкен ауыздықпен сәйгүлігі
Дүрбелең жыл-ғұмыры, ай-ғұмыры
Қалды артта сұсты ғасыр. Күн-қаламның
Сән менен салтанатқа сай бүгіні.
Өскемен – қайсар қалам, кенді қалам,
Не сырды келеді айтқың енді маған?!
Қолқаңды қорғасын-шер қапса дағы,
Кешеден кербезденіп, келдің аман.
Қайыңың тербеледі әнмін дейтін,
Саласың арманы жоқ жанның кейпін.
Өскемен, сен де мұңлық, менде мұңлық,
Бір сыр бар екеумізде жан білмейтін...
Үлбіге қалам малып мөлдіреген,
Жазайын өзің жайлы мен бір өлең.
Өн-бойың – өрлік пенен сұлулық-ау,
Көзіңнен тұнып тұрған шерді көрем...
Сән берген Шығыстағы маң далаға,
Дидарын сүйдіретін таңға ғана,
Өлеңсің – бірде мұңлы, бірде нұрлы,
Алтай боп асқақтаған арда қала!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу