Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  83


Автор: Жанат Әскербекқызы

Тозаңы шыққан ауылда...

Тозаңы шыққан ауылда
Тозып та біттім, шыным бұл.
Қабағы түскен қауымға
Келешек мүлдем бұлыңғыр.
Ойыммен оқшау қаламын
Ел бөлек ... одан мен бөлек.
Сес қылып, өсек-жарағын
Сескентер біреу кеуделеп.
Боз таңда көзім бозарып,
Бет алды кеттім жындыдай.
Қатарым жатыр сөз алып,
Баз кешіп кетті кім бұлай?
Қиялмен құзға жол салғам,
Шағылды тауым, шаршадым.
Кеудемде жатыр қанша арман,
Жанымда жатыр қанша мұң.
Өлеңмен кімнің жыртығын
Жамаймын жадау мекенде.


Ажал боп келіп бір күнім,
Төмпешік болып кетем де.
Үнімді кімге тыңдатам,
Жалғызбын. Тау мен тас керең.
Бұлаққа бір сәт үн қатам,
Көзінен сонда жас көрем.
Жалғызды жалғаз ұғады,
Жасымды төгем үнсіз кеп.
Бұлақ та көзін бұлады,
Кім айтар оны мұңсыз деп.
Бірімен-бірі үндесіп,
Мұңымыз сәлем жолдады.
Жетерміз толқын күн кешіп,
Құрдым жұтпаса болғаны.



1993 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу