Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  105


Автор: Жанат Әскербекқызы

Ауылым әні, көрінді-ау...

Ауылым әні, көрінді-ау,
Кеудеге жүрек сыймады.
Сағынарыма сенімді-ау
Құшағын ашты Құйғаным.
Аңқылдап, самал аймалап,
Жаныма рахат құйғаны.
Жымия күліп жай ғана


Сіңлілер шықты ибалы.
...Шыбықты аттай мініп ап,
Қараумен жүрген жол жаққа.
Жарыса түсіп, шуылдап,
Тентектер жетті ойнақтап.
Жігіт боп қалған бір інім,
Басын бір изеп, күледі...
Ұмтылып келіп, сүрініп,
Құшақтап анам сүйеді.
Шығарып бір сәт мұңды естен,
Жанымды шаттық нұр қылар.
Үй жаққа біздің, бірге өскен,
Ағылып жатыр құрбылар.
Сағынып келдім бәріңді,
Сарғалдақ көңіл желбіреп.
Күмбезі күліп ауылдың,
Қарайды маған мөлдіреп...



1983 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу