Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  84


Автор: Жанат Әскербекқызы

Санамнан сағыныш тамшылап...

Балалық өтті, білдің бе?!
Абай



Санамнан сағыныш тамшылап,
Іздеймін балалық мекенін.
Барсам ба ол жаққа хал сұрап,
Бәлкім... мен бала боп кетемін.
Алаңсыз күлкінің сыңғыры
Ауаға күмістей шашылған.
Жайыма қалдырып бір күні
Жалт беріп, жоқ болды қасымнан.
Жоқ болды осылай бал шағым,
Кетті ғой қайрылмай, шың асып.
Іздедім қанша жыл, қанша күн,
Сағыныш сағымға ұласып.
..Сағымда сәби боп жүгірем...
Өмір ғой, өмірге бар ма айып.
Уақыт, алдыңа жүгінем,


Санамда сағыныш сарғайып.
Қауыштыр бір сәтке, бір күнге,
Сол шақты жоқ деуге қия алман...
Балалық кетті өтіп, білдің бе,
Қол бұлғап қояды қиялдан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу