Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  89


Автор: Жанат Әскербекқызы

Ақ қанатын жайған жел терістікте...

Ақ қанатын жайған жел терістікте,
Жұлмалама жанымды, келістік пе?
Жүрегімді іздесең, мені тастап,
Теңселуде мұң атты кеңістікте.
Жүзі шерлі, жаны мұң, аппақ әлем,
Сорлы жүрек – төсінде қап-қара мең.
Қап-қара мең ғайыпқа ағып түссе,
Сол бағытқа мен бірге аттанар ем...
Жо...жоқ онда бет бұрам құла дүзге,
Бірге болу жоқ шығар сірә, бізге...
Ақ қанат жел, іздесе бір жолаушы
Құба жоннан дерегін сұраңыз де.
Сезімімнен келді де қашық жүргім,
Соны іздеген жүректен қашып жүрмін.
Басуыңды айтшы, әлем, мына маған,
Ашуымды келмейді ашындырғым.
Жұртта қалып жылаған ғаріп Сенім,
Шерте берсін жанымның налып шерін.
Ағып келіп жүрегім, ей, жолаушы,
Жыр-кеудеңе құлары анық сенің.
Ақ қанатын жайған жел терістікте,
Қауышармын өзіңмен кеңістікте.
Жүрегімді көтерген Жолаушыны
Маған қарай бастап кел, келістік пе?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу