Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  79


Автор: Жанат Әскербекқызы

Тәңір түнді жаратыпты сорлы ғып...

Тәңір түнді жаратыпты сорлы ғып,
Құшағына ене беріп, өлді үміт.
Жұлдыздарды бауырына басып ап,
Ай жөнелді әлдеқайда жөнді ұғып...
Түн дегенің... өксіп, өксіп жылаған,
Өксігенін естімейді бір адам.
Сүріндім кеп мүрдесіне абайсыз
Тылсым көктің шырқауынан құлаған.
Содан бері ұзай алмай шырмалып,
Мендік жүрек шеріне оның жүр налып.
Уақыттың шылбырына оралдым –
Ол шіркінің тоқтамады бұлданып.
Мен де ұзаймын, амалым жоқ, қала алман,
Қалдырмайды жат жылдар да жаңарған.
Басқа бір жан бір күн келіп сүрінер,
Қара түннің қабағына қабарған.
Қараңғыға кеп қонармыз қонаға,
Мәңгіліктің мекені сол бола ма?!
Қара жолда қараңдаймын... Өлі әлем...
Айдың жүзін тұмшалаған өліара...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу