27.08.2022
  89


Автор: Есләм Зікібаев

ЖҰЛДЫЗДЫ ЕЛДІҢ «ЖҰЛДЫЗЫ»

1
Елімнің елдігін де, ерлігін де
Дауылды, желді күнде, селді күнде...
Жырлап келген жалғасы «Таң», «Шолпанның» –
«Жұлдыз» бүгін сексеннің сеңгірінде!
Тарихпен таразыла.
Əлі бала...
болса да Ел деп соққан жаны дара!
Шыңыраудан сыр тартса, ШЕЖІРЕДЕЙ
Тереңіне жеткізбес кəрі-дана!
Сексен жыл.
Қысы, жазы, күздерін əр
Көктемдей гүл көмкерген,
Үзгені – нəр.
Сел сеңгір тұнығына бойлап кетсең,
Талай-талай тарланның іздері бар.
Жанын айт
Жалын атқан жырға құмар,
Тыңдай алсаң, сазды күй, сыр да ағылар...
Мағжан, Сəкен, Бейімбет, Ілиястың
Жетсем деп, жетпей кеткен ШЫҢДАРЫ бар.
Тарихтың тұнығындай тұнған арман
«Елімайға» ұласып, мұңға оранған.
Шытырман көп мұраты қазағымның
Көмбедей көзі ашылмай құмда қалған.
Фəниді тектен текке фəни дер ме,
Арысты – Арыс, Ерді – Ер деп таниды Ел де.
Бабалардан қалған БАҚ талбесіктей –
Тұғыр болған Мұхтар мен Сəбитке де,
Қос пырақтай Ғабит пен Ғабиденге!
Аялаған қазақтың құндыз жырын,
Ер жетсе де еркелетер ұл-қызды кім?
Қара сөздің қаймағын қалқып ішкен –
Сеңгірінде сексеннің «Жұлдыз» бүгін!
Хас талантты түлетер тұғыры бар,
Сөз мəйегін сүзгілеп, шын ұғынар.
Жұлдызды елдің «Жұлдызы» мəңгі жарық,
Ұлтының ғұмырындай ҒҰМЫРЫ бар!
Көтеріп Көкжиектен Ел түндігін,
Сексенде қанаттанып, серпіл бүгін.
Жасай бер, мəңгі жасар жырға қосып
Егеменді Елімнің еркіндігін!
2
«Жұлдыз», міне, сексен дейтін сеңгірге
Келді дейді,
Сенбедім бе, сендім бе?
Ата жасын байқамай да қалдық па,
Жүргеннен соң «Жұлдызымен» ел бірге.
«Жұлдыз» енді сексен дейтін сеңгірде,
Шын ба осы, – ойлап қалдым мен бірде.
Туа салып сөзін сөйлей шыққаны
Ғаламаттай Едіге боп елдің де.
«Жұлдыз» – жұлдыз,
Жақсы көрер жан атам,
Түлеп тұрған жаңа «Шолпан», жаңа «Таң».
Қуансам да, мұңайсам да – сырласым,
Жан сырымды жалпақ елге таратам.
Сексен жылдық арман-мұңы Алаштың,
Сексен жылдық жанған нұры Алаштың.
Жауқазындай жарып шығып қар астын,
Бабалардан қалған жыры Алаштың.
Жыл дегенмен,
жылы мыңға ұласқан,
Шабытындай бабалардың шың асқан.
Қай кезде де менің көңіл күйімді
«Жұлдызым» боп ұғатындай мына аспан.
Көп пе осы,
Мен шықпаған аз ба шың,
Шотқа салып көрмегендей өз басым.
Сексен жылды сексен мыңға баладым –
Қуанғаннан əз атамның əз жасын.
Тұлпарлардай темір қанат, тұяқты,
Көкірегімнен телегейдей күй ақты.
Мың сан жұлдыз жанып, сөніп жатқанмен,
Сөз – «Жұлдызым» мəңгі жанар сияқты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу