Өлеңдер ✍️

  25.08.2022
  372


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Бір түйір қан…

(Сәкен Жүнісовке)
Атаңның кені… Ақанның кегі жоқталса,
Көкіректерден тұтанып кетер от қанша?!
Шаршы топтан Сәкенге мойын бұрады,
Жұлқынған біреу суырылып, сөзге оқталса.
Ширатылғанша, театр барса, қыз-қырқын,
Серіні көрмек қолтығы гүлден қызғылтым.
Опасыздықтан, жеңілтектіктен шошынып
Ажал мен Ажар түсіне кірер жүз дүркін.
Той-топта біреу әншілер жайын сөз қылса,
Біреуден-біреу әуенін сәл-пәл оздырса.
Сәкеннің әні Әсеттей қаңғып кетпей ме,
Сұлулар қолдап, арқасын әбден қоздырса.
Қатарымызда көкейі көзді жан аз ба?
Туатын шығар дегдар да, жомарт, сабаз да!
Сәкен сері содан да жүлде қағардай,
Қашығының суретін сызса қағазға.
«Тастаяқ» ойнап, біреуден біреу ұтылса,
Керенау сөйлеп, ұтқаны кергіп, құтырса.
Ондайдың жынын қағатын тағы Сәкен ғой,
Жүз елу грамм коньяк шәймен жұтылса…
Әспенсіп дәулер, алдында кеуде көтерсе,
Төбелес тумақ сіздер көргеннен төтенше.
Бәрінің өңі бұзылар айғыр тепкендей,
Айып-қиыбы айналасынан өтелсе.
Құшаққа толып, жабатын гүлдер қыр үстін,
Жетпіске жетті сүйенер, күтер тыныс-кім?..
Алты алашты дүрліктірген осынша,
Алтыннан қымбат бір түйір қаны-ай, Жүністің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу