Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  468


Автор: Талғат МЫҚИ

АЙТЫС

(Қашаған Күржіманұлына)
Бұл Маңғыстау біз барамаған жер еді,
Қара өркешті қатептері маң басқан.
Әулиелер әмбеге аян ел еді,
Алла антындай ақ сөздері – алдаспан,
...Алдаспандай болуының себебі –
Жар-Иемнің жалқы есімі жарқ етсе,
Шайтандары ақылынан алжасқан.
Жарық нұр ғой – Жар-Иемнің жамалы.
...Сол Маңғыстау Жар-Иемнің жаңағы
Жамалының шуағына шомылған.
Құм астында ұлып жатқан ғасыр боп,
Құран сазы естіледі қорымнан.
 Құлпытастың бетіндегі жазулар
Құдіреттің мөрі екен ғой соғылған...
Бұл Маңғыстау – құт дарыған түз екен,
Еске түссе ескі уақыттың қай тұсы
Жыршылардың жүріп өткен ізі екен,
Көк тастардың ұйқышы мен айқышы.
...Әруақ боп аспан жақта ұшпайды,
Қайсы бір жыл қайтыс болған қайқысы.
Содан бері боп жатқанға ұқсайды,
Ібіліс пен періштелер айтысы.
Содан бері күрт өзгерді саналар,
Ішімізге ібіліс сап іріткі.
Лаһул-Махфуз тақтасында ғана бар,
Бұл майданда кім ұтылды, кім ұтты.
Замананың тартып жүріп зардабын,
Алты Алаштың адастырып арманын,
Алға қарай жылжып келе жатырмыз
Алдын сүйреп сайтан мінген арбаның.
Хас дұшпанын табанында таптаған,
Халқымыздың қабағында қар қалың,
Маңдайында сор қалың...
Сор қалыңы – сол аяқпен аяусыз,
Арулардың таптап жүрміз арларын.
Атан қомы ауырсынған ел мұңы –
Ескерусіз кетіп жатқан ер құны –
Екі жақтың айтысының сол болмақ,
Екі дүние тақырыбы ендігі...
...Келімсекте келу бар да, кету жоқ,
Сол баяғы көңіліңнің кеңдігі.
Қысық көздер қыдырып жүр көшеңде,
...Қыдыр емес екендері белгілі.
Көпке қарап түкірісті көп есті,
Қаныңда жоқ қасірет қой ол ескі.
 (Түгіменен түйе жұтқыш өңешті
Байлар жайлы бабам кеше не десті?!)
Періштенің сөзін айтқан еді ғой,
Перілерден аулақ құрып кеңесті...
Сол бабамның ұсақталды ұрпағы
– Құр әуейі көптігінен шығар бұл,
Тірі әулие жоқтығынан емес-ті.
...Тұғырынан таймай тұрған тақ үшін,
Біз болжаған болашақтың бағы үшін,
Анайы ердің ұйықтатып нәпсісін,
Адайы елдің оятатын намысын
Қашағанға қаратып жыр оқысам,
Қара жерге жетер ме екен дауысым?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу