Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  127


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

АЛАС! АЛАС!! АЛАС!!!

Белес, белес, белес деп,
Есімді алды-ау, Есалаң бір Елес кеп...
Құлдан шыққан,
Күңнен шықққан
Күлден шыққан көмескі, -
Еуропаны кезіп жүрген Елес-ті.
Еуропаны кезіп жүрген Елесті -
Көшіріп ап Азиялық Миына
Елтайлардың айдарынан жел есті!
Есалаң Елес есірді:
Маркстен - Ленин көшірді;
Лениннен - Сталин көшірді,
Сталиннен - Голощекин... Қанділдин...
Қанділдиннен - Жанділдиндер көшірді...
Көшірді де, Бекзат - Феодал-Қазақты
Жерұйықтан -
Итжеккенге көшірді!!!
Кешегі тексіз, құл неме,
Оранып ап үлдеменен бүлдеге, -
Мінбеде тұр мырс-мырс күліп Мырқымбай!
Бейімбеті -
Түрмеде!
Шаршы топта мыңды басқан мысы кеп,
Хан тұқымы Әлиханға қарамады-ау кісі деп?!
Қайда жөнеп барасыңдар, Қаракөктің үйірі -
Кісінеп?!!
Қара, әні:
Қанға толып Жаһан сыйған жанары, -
Баукеспелер түйте пышақпен бауыздап,
Шыбын Жаны Көкке бет ап барады:
«- Белес те, белес, белес деп -
Есімді алды-ау, есалаң бір Елес кеп:
Елдігі ерек, ниеті бөлек қазақты
- Неге мендей құлдың ұлы емес?! - деп...
Қанымды ішті-ау, Қара Құрт,
Құтқарар мына дудан - кім?
Мен -
Көк Тәңірдің бір демінен жаралып,
Көк Бөрінің құрсағынан туғанмын!!!
Он екі қанатты үйіме
Төрт құбыладан керуен де керуен кісі кеп,
Төрт тарапқа керуен де керуен кісі кетіп,
Майланған майға ұртым-дүр.
Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңге мінген жұртым бұл!
Мен қайтейін өзектегі өртімді,
Тілекті Тәңірі берсін де:
Құладын қуды өлтірді,
Қу басына келсін де.
Балпаң да, балпаң басқан жұрт,
Аруағым елден асқан жұрт,
Күреңнің тұяғына шыдады екен тас қайтіп?
Көкжиекке ұшқан жұрт,
Күрек тісін қасқайтып,
Күнсұлуды құшқан жұрт!
Бағаналы орда, басты орда,
Байсал орда қонған жұрт,
Жүрегі - анау Аспанда,
Тілегі - Алаш болған жұрт!
Қай да сол, қайран,
Қайран да, Қараорман жұрт?!
Жабығымнан жайлаудың хошы еніп,
Сапырып қымыз ішкен жұрт,
Көлдей қамқа төсеніп,
Келін боп Ханым түскен жұрт!
Е, заманында Алла мені алқады,
Соны ұқпайтын неткен қырт?!
Ханы үстінен шешіп берген қамқаны
Ақыны киіп кеткен жұрт,
Ақылы кемел неткен жұрт!
Бейіштің төрін мекендеп,
Күндердің күні күйкі тірлігін бекер деп,
Ақындарына сөз берсе адам баласы,
Қарға бойлы Қазтуған көкем кеп,
Саңқылдаса екен!
Бір ойда қалар бұл жалған,
- Мәрт қазақ сөйлеп жатқанда
Мен қайда жүрдім екем? - деп.
Мынау керім кеңістік
Күлтегіннің жұрты еді.
Жартысын ап жалғанның
Жатысын-ай, ғажап!
Арғы түбім - Түркі еді,
Бергі ныспым - Қазақ.
О, Көк Тәңірі - Күн Ием!
Найза ұшында тұрсам да,
Қас жауымнан найза бойы биік ем!
Сүйінем-дағы, күйінем:
Аузын ашып, тілінен бал сорғызған,
Ару сынды Асылзада екен дүнием!
Бұ дүниенің алды - сайран,
Арты - мұң,
Онда менің дағы еншім бар-тұғын
Жасын сүйдім -
Қатарымнан қара үзіп,
Ару сүйдім -
Қорғасын боп балқыдым.
Асқақ-асқақ лебіз айтып аспанға,
Ақтанберліше шалқыдым!
Адамзат, бірақ, ақедеу екен, алтыным:
Кешегі тексіз, құл неме,
Оранып ап үлдеменен бүлдеге, -
Мінбеде тұр мырс-мырс күліп, Жалған-ай -
Бекзаттарым -
Түрмеде!!!
Есуас Елес есірді:
Тәңірі емес, соның сөзі кесімді:
«РСФСР тарихынан» - «қазсср тарихы,»
«Букварьдан» - «Әліппеміз» көшірді;
Қашан жиям деп жүргенде есімді,
О да кетті адастырып көшімді...
«...Көшірді...» - деп Кең Алла өзі кешірді:
«- Құранды ұста!
Арыл күллі күнәңнан!
Жый - деп тұр Ол - есіңді!».
Мырқымбайды - Бейімбетпен қоса ақтап,
Көрден шықтық Дүниеге осы - аппақ.
Көшімізді Көк Байрақпен түзеді Ол,
Көшірмеші көкмылжыңын қосақтап...
«Тілі басқа - тілегі бір,
Жүзі басқа - жүрегі бір» -
Жүз ұлыстың үйі бір,
Қыз ұзатып жатыр, әне, сүйіп ұл:
Мағжан түгіл, Малинді де танымай,
Неге ашып тұр Мырқымбайдың миы бұл?!
Кәлимаға келер, келмес тіліңіз,
Диаматта әлі сіздің діліңіз.
Енді бізге Попперлерін жіберді -
Еуропа -
Піріңіз!
Мынау - Мәңгүрт...
Мырза!
Құлжа!
Мас - әрі:
Екі жеп - бір асады.
Тарих бетін алтынға аптап ашады:
Қазақтан да - Қазан Революциясы -
Рокфеллер жасады!!!
Ол - Парижді,
Мен - Гетені сүйіп ем,
Биік болсам, Абайменен биік ем,
Қаракөктің үйірі ем,
Хан Кененің күйігі ем:
Ойланып тұр мына саппас неге осы
Күлін шашқан Миғұланың миымен?!
Улап күллі ортаны,
Небір ойын ойлап тапты ол тағы:
Ділін сүйіп, Дініне ұйып, Тілін жалап Өзгенің,
Өзінен -
Өзі қорқады...
Жұрт бар ма еді сайран менің жұртымдай,
Ұлт бар ма еді қайран менің ұлтымдай?!
Мынау - Дөкей Мырқымбаев (бизнесмен!),
Анау доктор - Мырқымбаев Қыртымбай!
Өтеген Баһадүр -
Өр елім!
Өрге ұмтылған өркенің ем, өренің,
Кіре беріп осылардың миына,
Шіріп кетті менің күллі өлеңім!!!
Қазақ - Қара Нарың-ды.
Қара Нарға қалай дүние тарылды:
Қаңғалақтап Сайын көшесіне кеп
Қалай төктім Ұлттық Ұят-Арымды?!.
Күншығыстан шүршіт күле жосылып,
Мәз боп жатыр Мәңгүртіме қосылып!
Мен ғой мынау Айға қарап отырған
Құтжолымен қоса -
Ұлып!!!
Көк Тәңірі!
Қай қиянға қашты үміт?
Асау жанды бір өзіңе тапсырып, -
Тыным табам...
Жоқ...
Қайтадан мына елге
Жібер Мені Бақсы ғып!
Екі жақта лапылдаған екі от тұр,
Екі от емес -
Тамұқтағы екі өрт бұл!
Екеуінің ортасында Алаш қап,
Оған енді Әзәзіл кеп бал ашпақ;
Қойлыбайдай Бақсы керек бұл елге
Жын-періні қуатұғын аластап!
От -
Су -
Жер -
Жел -
Жұлдыз - міне, - Бес Ене.
Бес Енеміз - Маңдайдағы Пешене!
Бесеуіңді аластайын, Жын кетпей
Көгере ме көсеге,
Тоқтап қалған көшім өрге көше ме?!
Жерді жеп Сұм,
Енді Аспанды айқарды,
Күн күрсінді, алабұртып Ай қалды.
Алас!
Алас!!
Шаңырағым шайқалды!
Алла қуған Сайтанға қос, Аруақ,
Жерде жүрген Сайтанды!
Алас!
Алас!!
Жер мен Көкті қан басты,
Адамизат ақылынан алғасты,
Аунап жатыр Абай туған топырақта -
Албасты!!!
Неге Батыс - Шығыспенен бақас боп,
Неге Оңтүстік - Солтүстікпен алмасты?
Алас!
Алас!!
Ағып жатқан селмен кет!
Соғып тұрған желмен кет!
Босағамды күліп аттап жылмиып,
Дастарханды тіліп кеткен елмен кет!
Алас!
Алас!!
Есігімнен кет!
Керегемнің тесігінен кет!
Немеремнің Бесігінен кет!
Жетімімнен - кет!
Жесірімнен - кет!
Керден пендеңнің кесірімен кет!
Алас!
Алас!!
Ділімнен кет!
Миды ашытқан іліммен кет!
Ит пен құсқа қор боп жүрген
Ұлы Ана Тілімнен - кет!!!
Бұлдыраған бумен кет!
Сарқыраған сумен кет!
Мен сімірген умен кет!
Төккен күлмен кет!
Батқан Күнмен кет!
Мүлдем, - кет!!!
Өзің қазған орға кет!
Сораң, сораң сорға кет!
Қайда кетсең - онда кет!
Кет...
Қара қарға қан-жініңді шоқып көп,
Көкіп кетіп бара жатыр, көкіп кеп.
...Мен аластап тұрған кезде, Алашым,
Кел!
Екі оттың арасынан өтіп кет...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу