Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  71


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Хакім Зәкішевке

Қайран анаң ақын болсын деді ме,
Бір өксік бар өзегінде қап қойған.
Қайран әкең хакім болсын деді ме,
Хакім деген ат қойған.
Әкім болып толтырғанда төріңді,
Өр ұлыстан айыл жимай, өр үнді -
Кремльдің сарайынан көзіңе
Кәпір емес -
Ер Сеңкібай керінді!
«Уа, армысың!
Бармысың сен, құлыным?!» -
Естідің де ұлы атаңның ұлы үнін:
«Мені тастап қайда кеттің?!» - деп сонда,
Көк Бөріше көкке қарап ұлыдың!
Орындары ойсыраған көп текті,
«Аһ!» дегенде аузынан кеп от төкті.
Сен тексіздей бас имедің заманға,
Бас игендер -
Бақа-шаян боп кетті...
Дулығасы қасқияды қақ төрден,
Қылыш та тұр жаудың басын қақ бөлген.
Көк Бөрінің күшігіне сол кезде
Көк ит бастап, көп ит қоштап - тап берген!
Сары ит пенен қара ит сонда қоса үріп,
Ойда қалды ойындары осылып:
Әкімдікке - Хакімдігің қосылып,
Хакімдікке - Ақындығың қосылып,
Батырлығың қосылып...
Қарағай ең - отқа тие тұтандың,
Бекзат едің - жұлыныңнан жұқардың,
Сеңкібайдан қалған соңғы тұяқ ең,
Арасында - өңкей құл мен құтанның!
Жау қашырар бір батырдың айғайы,
Дау қашырар бір ақынның таңдайы.
Бір жақсыдан бір-ақ тұяқ қалса да,
Бір қауымның жарқырайды маңдайы.
Кезеңді асып,
Өзенді асып, өртенді,
Қайдан табам көз арбайтын көркемді?
Қарқаралы - хан жайлау-ды сен барда,
Сен кетіп ең - Қараорманым өртенді!
...Заман көшті.
Көк пенен Жер күңіренді,
Дүние бір сұрқия сұр түрге енді.
Сеңкібайдың аруағына тапсырдым,
Бақа-шаян басып алса бұл жерді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу