Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  82


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ЕДІГЕ ЖЫРЫ

Көкірегім толған - кек.
Шаршаған бір дәуріштеймін жолдан кеп.
Атилла айғай салады ылғи түсімде:
«- Адамзатқа мен де ие болғам! - деп -
Зәузәтім - кім?!
Сен бе?!!
Шаруаң біткендей...»
Ғұмыр бойы тек осы үнді күткендей, -
Өлең жазам сонда шошып оянып,
Қолдан басқа түк келмей!
Киіз Үйден кіріп келсем
Бетон Үйге үш аттап,
Дауыс салды Ұмай Анам құшақтап:
Атилланың Аруағы жүр еді.
Оны-дағы кеткен екен пышақтап!
Қаралы -
Аруақ өліп барады!!!
Босағада өңшең өңез күліп тұр -
Аузынан мүңкіп арағы!
Көк Бөріден қалған ғадет бар әлі,
Тілмен жалап жүректегі жараны, -
Ұлып!
Кезем -
Даланы!!!
Күллі жырым - Көк Түркідей - қаралы:
Ғалам түгіл, Қазақ естімеген соң,
Жерді тастап!
Елді!!
Бала-шағаны, -
Көк Тәңірі-ау, Саған жөнеп барады!
Өткен тарих, келесі, -
Салт Атты мен Жаяулардың егесі!
Тәңірі ғана түсінетін өлеңді
Өзге тілге тәржімала демеші;
Евтушенко десе ауысқан ел -
Есі -
Танымаса - танымасын мені осы:
Кремльде жүргенімді айтам ба,
Есімді алып Едігенің елесі?!.
Ызалы ой мен тоқсан тарау толғам көп.
Жүрсем-дағы дүниені шолған боп, -
«Халық жауы» ем социализм кезінде,
Капитализм келді... Онда да оңғам жоқ!
Көтерілсем - Көкке төбем тиеді.
Көзім түссе - сұмның беті күйеді.
...Едігем-ай, ешкім ойлап таппады-ау,
Екеумізге жағатын бір жүйені.
Жер беті - лас.
Аһыреттің түсі - аппақ.
Аяр Заман арқамнан кеп пышақтап!!
Феодализм -
Социализм -
Капитализмді
Үш аттап, -
Боздап тұрмын Ұмай Анамды құшақтап!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу