Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  67


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

МАҒАУИЯ ХАМЗИНГЕ

Мекен етіп жер мен көктің арасын,
Мені тастап, аға-ау, қайда барасың?!
«Түрік маршын» бір тартып кет, қайрылып,
Цивилизация ақыл-естен айрылып,
Домбыраның шанағына қарасын!
Далада - көш, иінтрескен алды-арты,
Кісінеп-кісінеп көшкен жұртқа қалды аты…
Қарағанды--Париж,
Сочи-Көкшетау,
Шымкент--Техас,
Нью-Йорк - Алматы!
Муза -көкте
Басқа жұртқа қонады ол.
Есесіне - доллар менен ода -мол.
Біржан салдар тумайды енді бұ жақтан,
Поштабай - мәз,
Рокфеллер болады - ол!
Бұл дүние сүйеді екен оданы!
Соны ойласам көзіме жас толады.
Ақан сері - ақын інім айтыскер,
Күләш та енді Пугачева болады.
Мекен етіп екі дүние арасын,
Мені тастап, Аға-ау, қайда барасың?
«Қос басарды» бір тартып кет, қайрылып,
Цивилизация ақыл-естен айрылып,
Домбыраның шанағына қарасын…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу