Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  94


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ҚОЙШЫНЫҢ ҰЛЫ ҚОЙЛЫБАЙ

Қойлыбай даусын көкке созбайды көп,
Қайғысын қай-қайдағы қозғайды кеп;
Қазақтың қалың қойы маңыраса,
Қосылып сонымен бір боздайды кеп;
«Додада жұрттан неге озбайды?» - деп,
Е, ел айта берсін...
Ақынның жеңсігі - өмір, азығы-- сор,
Алашы-- тоқтар алтын қазығы сол.
Қойшының қосында кеп дүниеге,
Қойлыбай атанды--бар жазығы сол.
Шөп те-- өлең қазір жұртқа, шөңге де-- өлең,
Шәйір көп шөңгеменен дөңгелеген.
Ал, мұның аруағы Шопан ата,
Шаруасы болған емес өңгеменен.
Шабытсыз шырқамаған ол бір әнін,
Құлағын жүз бұрағын, он бұрағын;
Аруағы Шопан ата жебемесе,
Тіл-аузы байланады домбыраның.
Айтысса осындағы дөйлеріңмен,
Қойлы ауыл көшіп өтер ой легінен.
...Дәлдүріш машинамен қайтады ылғый,
Қойлыбай


Тер шылқыған көйлегімен.
Кемпірбай, Шөже туған шаңырақ бұл,
Ол кейде шырқар дерсің аңырап құр.
Өйткені қошақаны жамырап бір,
Өрістен қайтқан қойы маңырап тұр.
Кейде оның жазылады бой, бауыры,
Ойран сап дүниеге ой дауылы.
Өйткені, пұл алып қайт демей оны,
«Сөзіңді айт!» - деп жіберген қойлы ауылы.
Қойлыбай даусын көкке созбайды көп,
Қайғысын қай-қайдағы қозғайды кеп;
Қазақтың қалың қойы маңыраса,
Қосылып сонымен бір боздайды кеп;
«Додада жұрттан неге озбайды?» - деп,
Е, ел айта берсін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу