Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  92


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

БІР АСПИРАНТТЫҢ ИТІНЕ

Байлаудағы шынжырды керіп, ұлып,
Неге үресің сен осы, нені біліп?
Жұмысы жоқ сенімен, иттікпен де,
Мен бір жүрген осында сері жігіт.
Иең бізді қарсы ап пәк көңілменен,
Аузын ашса көмейден төгілді өлең.
Ницщемен бір баз кешіп дүниеден,
Сақылдап бір күледі Гогольменен.
Мынау Жамбыл – тарихшы,
Өз еліне, –
Өле ғашық тауына, өзеніне.
Өз елінің өмірін зерттеп-зерттеп,
Өмірлік шер байлаған өзегіне.
Саған әлі ертелеу біз күлерге,
Шуылдақ көп бермейтін тізгін-ерге.
Төрт аяқты ит болсаң қайтам енді,
Екі аяқты ит те бар біздің елде.
Асау ойы Алашты ала қашып,
Жамбыл жабық сандығын салады ашып.
Алтыбақан алауыз жұртымыз бар,
Арлан итше келеміз абаласып!
Сенің онда шаруаң жоқ – иең біледі,
«Ит болған соң – үреді» деп жүреді.
Кім сүйегін лақтырар?
Алақ-жұлақ
Екі көзің соны іздеп телміреді.
Дос іздесек о да бір оңды ісіміз,
Кейде сенен аумайды сол кісіміз.
Итке сүйек лақтырып жақындасқан
Құрсын бүйткен адами болмысымыз!
Адамзаттық сауалға алаңдайды ұл,
Әзер көшіп зіл батпан табандай – жыл.
Осы ел неге итке ұқсас?
Мен түгілі
Аспирант та жауабын таба алмай жүр..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу