Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  97


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ӨЗІМЕ ЭПИГРАММА

Ақыл-естен адасқан,
Ақымақ жан екенмін.
Абай туған Алашқа,
Ақын болған – не теңім?!
Өзіне өзі сүйініп,
Жұрт барын білмей мазақтар,
Мұхтарға мұрнын шүйіріп,
Роман жазған да қазақ бар!
Кітап жаз деген кім оған,
Жанының жайып сатпағын?
Өзінен басқа тірі адам,
Оқымай қойды шатпағын...
Сонда да қоймай, ит-ай, ә,
Ырзығын тауып жүр – аман:
Бір апта жазса – хикая,
Екі апта жазса – роман!
Жазбай жоқ көңіл хошы бір,
Қажытты әбден бір елді.
...Қағаздың бәрін осы бір,
Дәлдүріш құртып жіберді!
Хош, өлең!
Сөніп таңғы үміт,
Әуреге мені сала ма.
Қаламақысыз қаңғырып,
Мен қалдым қарау қалада.
Қайтейін, о да пенде деп,
Тірлігіне тәубә етемін.
Дәлдүріші көп елге кеп,
Ақын болғаным – не теңім?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу