Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  105


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ЖАРЫЛҒАПТАН ҚОРҚАМЫН!

1
Әлі есімде: ескі мектеп... Ақжарық...
Жас күнімнің елесі әлі – жап-жарық.
Ағаш атта жүруші едік асыр сап
Шаршы топты шығамыз деп қақ жарып!
Балалық шақ – әнгіме-жыр сенгісіз.
Серік батыр! Бала емессіз енді сіз.
Шаршы топты шыға алдың ба қақ жарып?
Ол – белгісіз... Ол әлі де – белгісіз!
Белгілісі – өмір-керуен көшеді.
Қалайша тез? Кеше еді ғой... кеше еді...
Біреу тіпті сол бір ескі мектепке
Жүгін артып кіріп алған, – деседі.
Ескі мектеп... әлі тұр ғой құламай...
Еске алу да қиын оны – жыламай!
Балалықтың құйыны жүр, сол жерде –
Аманжолдың сиыры тұр, құдай-ай!..
Ескі мектеп, елесіңді сағынам.
Сен куәсің гүл-дәуреннің таңына.
Дүниеге жаңа мектеп келді де
Жастығымды көміп кетті-ау шаңына!
Ескі мектеп! Жоқсың ба сен еш жерде?!
Қабырғаңның бояуы да өшкен бе?
Есіңде ме, төртіншіні тамамдап,
Бесіншіге... жігіт болып көшкенде...
Есіңде ме, Бағдаттың өлеңі,
Жанып тұрған қоламтадай шоқ – өңі?
Бағдаттың өзі ұмытып қалса да
Ұмытатын... сенің жөнің жоқ еді!
Сол бір шақтың қателігін... мерейін
Сен де ұмытпа, мен де «Елес...» демейін.
Есіңде ме? Түспесе егер есіңе
Өлеңіммен өзім айтып берейін!
2
Ерке күннің елесі шын өшкен бе,
Есіме алам деп пе ем соны өскенде?
Есіңде ме: төртіншіні тамамдап,
Бесіншіге... жігіт болып көшкенде.
Жүгірмектер ер жетуге асық боп,
Кеудесінен көпке жалын шашыпты от,
Шулатып ек дүйім жұртты, хат жазып
Кластағы аруларға ғашық боп!
Есіңде ме, сондағы пәк құштарлық?
Бірақ... Бірақ – кездесіп бір іштарлық –
Бәріміз де бір-ақ күнде ғашық боп,
Бәріміз де бір-ақ күнде ұсталдық!
Бір класта махабаттың өрені
Сүйгені үшін көздің жасын төледі.
Есіңде ме, Бәтимаға ғашық боп,
Бағдаттың сонда жазған өлеңі?
«Көрген жоқпын сендей аққу құсты мен!
Сенсіз ғүмыр – жалған елес... түс, білем.
Ұшқыш болам – өзің үшін! Сонан соң
Алып кетем Сені жердің үстінен!» –
Деген өлең есіңде ме, жоқ-ау, ә?
Кәрілік кеп жетектейді молаға,
Ұмыт болар көрген қызық, сөнген от, –
Мұндай жырды ұмытуға бола ма!
Әр шумағын әрлеп пәктік, жуған нұр
Сол бір өлең қанымда әлі шулап жүр.
Арбай бермек алпыс ғасыр өтсе де
Адамды адам сүйген кезде туған жыр!
Дүр сілкінді Ақжарықта тау іші:
«Бұл баланың ісі емес – жау ісі!»
Гүж-гүж етіп құлағымда тұр әлі
Жарты құдай – Жарылғаптың дауысы:
– О, ұятсыз! Қалай-қалай соғасың?
Ал, ұшып кет... Қайда барып қонасың!
Он сегізге – бәлиғатқа толмастан
Қыз балаға қалай ғашық боласың?!!
Көкірегің көктем екен мәуелі...
Қалай-қалай әуелейді әуені?!
Самолетте хақың қанша, мұрын боқ?
Жаяу жүріп үйреніп ал әуелі!
Көпті көрдік... Жасын көрдік, кәрісін,
Көп жағдайды... сезе алмайды әлі ішім;
Сен түгілі, мына біз де білмейміз,
Қызға қалай хат жазудың мәнісін!
Қайдан келген қаңғып саған зар-шемен?!
Бадырақ көз! Байқап сөйлес партамен:
Қыз балаға хат жазатын қолыңды
Бір-ақ шауып тастайын ба балтамен?!!
Бағдаттың басын тырнап сан күдік
Жылап тұрған... Жоқ, қалыпты мәңгіріп:
– Екінші рет қыздарға арнап, ағатай,
Ант берейін, хат жазбаймын мәңгілік!!!
Кешіріңіз! Жаңылдым... – деп өтінді.
Аяп кеттік сонда осы бір жетімді.
Бірақ... Мынау Жарылғабың ешқашан
Махаббатты... кешірмейтін секілді!
Зіл, ашуы – немененің желігі,
Көргенім жоқ мұндай озбыр періні:
– Сен, шық! – деді бір кезде ол баж етіп
«Ер Төлеген!» Ақсұңқардың Серігі!
Көкірегімнен күңіреніп бір күй ақты,
Сүйретіліп мен де шықтым. Ұят-ты:
Мойынына қара таңба басылған
Хунбэйбиннің құрбандары сияқты –
Тұрдым боздап! Он үштегі төл едім.
Күнәм үшін көз жасымды төледім.
Әлі есімде, Бәтимаға ғашық боп
Сонда жазған ең алғашқы өлеңім!
«Жұмбағымды шешші! Мынау хош таңда
Айналсақ қой айрылмайтын достарға.
Не болады – сенің жұмыр жүрегіңе
Менің жұмыр жүрегімді қосқанда?!»
Дүр сілкінді Ақжарықта тау іші:
«Бұл баланың ісі емес – жау ісі!»
Гүж-гүж етіп құлағымда тұр әлі
Жарты құдай – Жарылғаптың дауысы:
– Өзің айтшы, тез түлеген түлегім!
Түсініксіз түтеп тұр ғой түр-өңің?
Не болады – сенің жұмыр жүрегіңе
Қосқан кезде... оның жұмыр жүрегін?!
У-ду күлкі... Тұрмын мәнін танымай,
Жарылғаптың қағынды алған қаны-ай!
Шапалағы зілдей екен, жалт етіп
Жақ отымды жарқ еткізді! Жаным-ай...
Бүкіл класс Махаббатты ән қылып,
Елегіздік естен танып – мәңгіріп:
Қолхат бердік Жарылғапқа жалынып:
«Қыздарға хат жазбаймыз – деп – мәңгілік»
Әні өзгерді, мәні өзгерді ортаның,
Махаббатшыл маңдайымда – сор қалың.
Қыздарға арнап хат жазғанда, бар шыным
Содан бері Жарылғаптан қорқамын!
О, сұлулар,
Өмірімді сендерге әлі өлшетем.
Өле-өлгенше көркемдікпен көрші екем.
Сендерге арнап жазған жырым бар еді.
Соны апарып Жарылғапқа көрсетем!
Сәлем жолдап әлі жүрек тұсынан
Айналамын сұлулықтың құсынан.
Рұқсат берсе егер Жарылғап
Сол жырларды өздеріңе ұсынам!
О, сұлулар! Періштелер! Асылым!
Қалай бұзам Жарылғаптың рәсімін?
Егер Жәкең рұқсатын бермесе
Хатқа салып жіберермін жасырын...
Түсініңдер Серік деген шерлі ерді,
Көп құпия көкірегіме жерленді.
Жәкең келіп қашан ұстап алғанша,
Сүйе берем, жырлай берем сендерді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу