Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  71


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

БУНИННІҢ МӘЙІТІ

Жасырды да толқынына бар ізін
Ақты Уақыт.
Уақыт – ұлы дария.
Жүруші еді көшесінде Париждің
Сексендегі қайғылы бір Қария.
Көрінбейді!
Қалды мұңды өлеңі,
Бізге соның қайғы мұңын әкеліп.
Ғасыры оның қасыретке толы еді.
Ғұмыры да – қасырет пен қателік!
Қанша тәнге қара таңба басылды,
Адам – азап үшін өмір сүре ме?!
Жаңа Ұрпақ ХХ-шы ғасырды
Қателіктің ғасыры деп жүре ме?!
Қорқамын мен!
Ішімде дерт көп өлген,
Жеңдірмейін жүрегімді зар-мұңға:
Ең болмаса – осы шерлі өлеңмен
Ақталайын адамзаттың алдында.
Жасырды да толқынына бар ізін,
Ақты Уақыт.
Уақыт – ұлы дария.
Жүруші еді көшесінде Париждің
Сексендегі қайғылы бір Қария.
Ол – шерлі адам.
Париждегі досы – өлең.
Неткен сұмдық қайғылы еді сол Ақын:
Адамдардан,
Гаваньдардан,
Көшеден
Ресейін іздеп жүрген болатын!
Атамекен, алыстағы құс үні
Маза бермей адасқан сол Ақынға,
Тоқтатып ап көшедегі кісіні
Сұраушы еді Россия хақында.
О, Ресей! – аспандағы арай Күн,
Нұр шуағы кеткен кезіп алабын.
Таңертеңгі газеттерді қарайтын
Киоскісін шарлап бүкіл қаланың.
Келеді іздеп...
Құмары әлі жүр қанбай,
Бауырларға – шет елдегі, біздегі:
«Отаныңды ұмытпа!» – деп тұрғандай
Сол бір шалдың шырқ айналған іздері...
Сол бір іздер әлі жатқан секілді,
Тарихтың да тақсіреті тұр сонда.
Көшелерді,
Бүкіл мына Парижді
Сел нөсерге шомылдырып тұрсаң да –
Өшпейді ол!
Кешіріңіз сіз мені,
Оқырманым:
Отан – ұлы мекен ғой,
Жат елдегі табаныңның іздері –
Тәнге түскен қара таңба екен ғой!
Жат өлкеде жалғыз өзі жүр еді,
Кенет шалдың демі бітіп... тарылып –
Әбден тозған қасіретті жүрегі
Сағыныштан – кеткен, – дейді – жарылып!
Ей, жолаушы!
Жолың түссе Парижге,
Өмір бақи куә болам арыңа:
Ресейдің топырағынан бір уыс
Ала кетші түйіп орамалыңа!
Шетке шықсаң бір елі,
Сезіледі жақының – кім, жатың – кім.
Ала кетші топырақты киелі,
Сала кетші қабіріне Ақынның!
О, Отаным!
Анам да – Сен!
Әкем де...
Сенсің – жырдың сүйегі мен тиегі.
Қаншама ұлың қалып қойған жат елде,
Қайта оралмай топырағыңа киелі?!
Қаншама ұлың...
Қаншама отты жасындар
Сөніп кеткен жат жаһанда – түс, міне.
Туған жердің топырағын шашыңдар
Мұхиттағы матростың үстіне!
Мен оларды бермен ешбір патшаңа,
Падишаңа! Неткен ауыр наласы,
Қай жерлерде, қай мұхитта жатса да,
Олар – біздің топырақтың баласы!
Жасырды да толқынына бар ізін
Ақты Уақыт.
Уақыт – ұлы дария.
Жүруші еді көшесінде Париждің
Сексендегі қайғылы бір Қария...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу