Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  75


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Сыртқа шықпай бұрқанған жасын әні...

Сыртқа шықпай бұрқанған жасын әні,
Қыздар ойын тереңге жасырады.
Жүрегінде құлып бар... кілтін ашсаң,
Қақпа біткен айқара ашылады.
Қияда да жол тауып, шатқалаңда,
Алшаң басып аяқты аттағанда –
Баяғының тәкаппар мырзасындай,
Кіріп едік қасқиған қақпаларға.
Мейлі, мені жамандап жарыса кеп,
Өсекке таң, ол дағы таныс әдет.
Сұлу қыздың бәріне асылзада
Басымды иіп келемін ханыша деп.
Соны жыр ғып толғадым – толғасам да,
Сары майдай еріді ол да сонда.
Кілтін таптым әйелдің жүрегінің
Сәкен сынды бекзада болмасам да.
Құнын біліп шаттығы, мұңының да,
Қалдым өстіп сұлулық тұғырында.
Әйтеуір мен Жиенқұл болған жоқпын
Қамшының сабындай ғұмырымда...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу