Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  1388


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

МАХАББАТ, ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР

Дүние неткен жап-жарық!
Он үштен онда аспағам.
Көркіне соның таңданып,
Суреттер сала бастағам.
Не дейді ел мендей сабазға,
Сан ысып, сан сап басылған?
Үй іші толы – қағаздар,
Есіктен төрге шашылған...
Шабытқа толы өзегім,
Қағазға содан нұр тамып –
Ақжарық деген өзенің
Жатады ағып бұрқанып.
Ақжарығымды далаға
Асау мұхиттай аунатып,
Бағдат деген балаға
Қоямын балық аулатып!
Миллиард бояу төгілген
Болар ма әсем тау мұндай.
Суретші болам дедім мен, –
Суретін салам аудырмай!
Танытам жұртқа жұртты әлі.
Не дейді ел мендей сабазға?
Ойрантау... көшіп бұлттары
Ойран сап жатты қағазда.
Көздерім күнде тауымда
Жүргенде, жасым – он үште.
Алыстан біздің ауылға
Келді ұшып бір пәк періште.
Музамды соған сыйладым,
Шабытқа жаным кенелді.
Сол қыздың сұлу дидарын
Салуға көштім мен енді.
Не дейді мендей сабазға
Қайтпайтын әсте бір беті:
Үй іші толы қағаздар,
Қағазда – қыздың суреті!
Шабытым шалқып күнде тым,
Шамамды қайтып өлшеппін.
Бір күні қыздың суретін
Өзіне барып көрсеттім.
Құдай-ай, неге қинадым?
Қайтейін енді налымай?
Өзінің сұлу дидарын
Қалды ғой өзі танымай!
Естімесе екен ел, мүлде,
Еңбегім кетті желге ұшып.
Үйіме жетіп келдім де,
Етпеттеп жаттым жер құшып...
Күрсінген күйрек күйдегі
Долының қара ісіне.
Суреттің бәрін үйдегі
Лақтырдым пештің ішіне!
Бір шабыт жаулап денемді
Мені алып саған қашты әмән.
Сол шақтан бастап мен енді
Өлеңдер... жаза бастағам.
Не дейді мендей сабазға,
Бастарын шайқар, көрер де ел.
Үй толы – қағаз. Қағазда –
Махаббат жайлы өлеңдер!
Жылдарым зулап көшті енді,
Шер тарқар күнім жақындап,
Өртеніп жатқан пештегі
Суреттерімдей лапылдап!
Көзді арбап жырдың әуені,
Көрінбей ешкім көзіме,
Газетке бермей әуелі
Оқыдым қыздың өзіне.
Таң қалды: «Неткен шерлі адам!
Тұла бойы толы ар ма екен?
Осынау жырды арнаған
Қызда да арман бар ма екен?!»
Өзіме өзім сенбедім,
Тірі жан түспей көзіме.
«Бұл жырды жазған – мен, – дедім
Аманат болсын өзіңе...»
Қарады ол көзбен бір мұңды...
Өмірде аз сондай мезеттер.
...Сонан соң сол бір жырымды
Әкетті қағып газеттер.
Білмейтін сырды енді ешкім
Айтайын, бірге егілсек,
Сол қызбен бүгін кездестім...
Неткен қылықты келіншек!
Тағдырдың тарпаң жолдары,
Енді оған, шіркін, сенер ме ел?
«Есімде – дейді – сондағы
Махаббат жайлы өлеңдер...»
Махаббат, қызық мол жылдың
Қызуын айту мақтан ба?
«Мен оқушы едім сол жырды
Газетке шықпай жатқанда...»
Ал, мен ше?
Ал... мен не дейін?
Үндемей қалды демессіз.
Бір өлең оқып берейін,
Абайдан әулие емеспіз.
«Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар,
Ақырын-ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау, құрғырлар...»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу