Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  98


Автор: Досан ЖАНБОТА

ƏДІЛДІККЕ ЖАНЫҢ ЖАРАЛҒАН

(Аяулы Асанбай ағаға)


Кездессек жайнап түлер ең,
Жаттығың жоқ-ау пендеге.
Жарқылдап адал күлер ең,
Керегі сол ғой, елге де.
Жолдарың жүрген сан сала,
Жете алсақ соның парқына,
Көтерген жүгің қаншама,
Арналды бəрі халқыңа!
Заман ба, иə, заман өтпелі,
Заманның болдың қожасы.
Айды алсам дейді көктегі,
Құдайдың пенде баласы.
Сондықтан пенде емес пе,
Кешірдің талай кемдігін.
Бір күндік қана егеске
Надандар сатар елдігін.
Сен көрдің соның бəрін де,
Күйіндің күйкі тірлікке.
Шырқадың достық əнді де,
Сүйіндің еркін ерлікке!
Сүзгісі жүрек білемін,
Жүйкеде із көп оралған.
Аға боп қалдың (тілегім)
Əділдік үшін жаралған!
Естелік жазды талайлар,
Сен оған тұрар ағасың,
Ұрпаққа ұрпақ қарайлар,
Рұхыңмен де бізге панасың
Өмірге өкпем жоқ тегі,
Жақсылығын көрдім талайдың!
Бір жұлдыз сөнбес көктегі,
Өзің бе, деп əр кез қараймын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу