Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  72


Автор: Досан ЖАНБОТА

АҒА

Жазушы Əмен Əзизовке
Жаны жайсаң жақсылығы мол аға,
Көз жасына көңіл шіркін тоя ма,
Тірліктегі таусылған соң қызығың,
Қанша мықты болсақ та
айналамыз молаға.
Кездескенде кеңейтетін көңілді,
Сұрамай-ақ менің ататегімді –
«Жақсы інім!»деп жайушы еді құшағын,
Естігенде қазасын ет жүрегім сөгілді.
Біз пендесі Құдайдың, əміріне көнем де,
Сенсіз талай барып қайттым Кегенге,
«Шіркін-шіркін көрсем», деуші ең, «аулыңды»,
Оған Құдай жеткізбеді, амал не?!
Менің аулым биік жері қазақтың,
Түспей қойды қамыты мойынымнан азаптың.
Жақсылығым жадағай боп кетеді,
Өлгенде де тұрармын ортасында тозақтың.
Хош бол аға, қолдан осы келгені,
Білем-білем, жақсы көрдің сен мені,
Құдай өзі құрметпен алады екен жақсысын,
Өкінуге жаратқан жұмыр басты пендені.
Қас қаққандай сыйластық, еске алумен өтемін,
Сенен артық кім білген өмір қымбат екенін.
Жатқан жерің жайлы болсын, жан аға,
Алатаудың етегі болды мəңгі мекенің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу