Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  67


Автор: Досан ЖАНБОТА

БҰНЫҢ БƏРІ БҮГІН ЕМЕС...

Бұның бəрі бүгінгі емес, əңгіме ғой кешегі,
...Алматының жазғы тұнық кеші еді,
Биік-биік үйлердің керегесін күн қақтап,
Бұрыштардан лүп етіп салқын самал еседі.
Бізбен бірге тұратын Мүсілімнің Шолпаны,
Көңілді қыз ақжарқын, кеңейтетін ортаны,
Ата-анасы қарт ұстаз, шəкірті көп мектепте,
Іліп қойып сыр шерткен географиялық картаны.
Шолпанменен бауыр едік бір анадан туғандай,
Қанша кедей болсақ та құрмет қандай, сый қандай?
Зубайханның күркесінде жансерігім үшеуміз,
Шалқыр едік салтанатты хан сарайда тұрғандай.
«Аға!» – дейді ол. «Ау» – деймін. «Біз Алжанның Көшегі»
«Көшек болсаң қайтейін, көшкен кезде туған екен деседі»
«Əкем менің танымайды туысын, өз елінде болмаған»
«Жақыны да жоқ шығар. Заман солай... Бəлкім басқа есебі»
«Туысы бар. Бір-ақ оны өкімет «жауы, – депті, – халқының»
«Маған енді не қыл дейсің айта қойшы, алтыным».
«Сіздің ақын досыңыз Мұқағали бауыры екен əкемнің –
Ертіп барып таныстыршы, асыл аға, жарқыным» –
деп өтінді. Құп алдым.
«Кеттік!» дедік, бардық шауып Мұқағали үйіне.
Ол тұратын Сырбай ақын көшесінде, бүйірде
Сəті түсті шыға келді алдымыздан ағамыз,
Ақ жейдесі желпілдеп, құшақ жая абыз дана күйінде.
Таныстарды білетін бірге жүрген күндегі.
Сəл бөгеліп: «Жақсы келдің. Мына бала кім?» – деді,
Ұзын шашын қайырып, қалтасынан алды-дағы шақшасын,
Қалды іркіліп, Шолпан қыздың туыстығын білмеді.
«Қарындасың, журналист, қаршығасы Алжанның
Бір бай жігіт табылып, қалың берсе, иесісің олжаның»-
деп əзілді қыстырдым, қайран Мұқаң жымың қағып күлді де:
«Неге тұрсың, үйге кір! Айтасың ғой аржағын»
деді дағы ақ жарыла алға түсіп жолды өзі бастады,
Маған абыз болғанмен, ол сонда жігіт екен отыз алты жастағы.
Дастарқаны жайылып жақсы отырдық жаңа өлеңін оқыды.
Енді ойласам, сол кезде жазыпты бүгінгі өлмес дастанды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу