Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  77


Автор: Досан ЖАНБОТА

ПАЙ-ПАЙ ШІРКІН...

Пай-пай шіркін, қысқасын-ай өмірдің,
Осы күнге жеткеше не бітіріп, не білдім?
Мына дарқан тірлікті алаңы дерсің күрестің
Шыныңды айтшы –
Сол күресте жеңдің бе, əлде, жеңілдің?
Қаулаған сұрақ жан-жағымнан қаптадың,
Ақиқатын айтсам, біріне жауап таппадым.
Алдыма қойған мақсатым орындалды дер едім,
Көңіліме толған бірі жоқ,
Керегі не көбіктенген мақтанның.
(Жар сүйіппін ол еркектің парызы)
Соныменен өтеле ме адамдықтың қарызы.
Бала сүйдік, дос таптық, үй көтердік жобасы,
Ортақ міндет, ойлап көрсем, орындалған тəрізді.
Осы менің бітіргенім, артық айтсам кешіргін,
Атақ, даңқ ашпапты арнап маған есігін,
Өз көйлегім, өз үйім болса-дағы жұпыны -
Иман суын ішетін ең ақырғы бесігім.
Көргендерім көп тегі,
Көп жақсыны білемін,
«Ертең заман не болады?» – деп сұрама, тілегім.
Өзім жаман болсам да
Сол жақсының қасында,
Қаратауды көтерсем де қайыспастан жүремін.
Жеңісімді айтпа сен,
Қалды кімнің есінде,
Бəрі де өтті. Сəске ме, əлде бесін бе...
Арзан атақ-даңқты айырбастап кетер ем –
Бір-ақ күннің думадатқан кешіне.
Ал жеңілдім, жеңді мені бəрі де,
Сұлулардың көз тұндырған əрі де.
Жақсы адамның жан жылытқан сөзі үшін –
Күніне мың жеңілуге əзір тұрмын əлі де!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу