Өлеңдер ✍️

  18.08.2022
  122


Автор: Нұрлан Қалқа

Өкпелімін дей алмаймын...

Өкпелімін дей алмаймын өмірге,
Ұсақтықты алмаймын да көңілге.
Қиындыққа төзіп келем əлімше,
Кездерім жоқ болмашыға егілген.


Өкпелімін дей алмаймын достарға,
(Өтіп кеттік наз айтатын жастан да!)
Кей қылығын кешіремін, себебі,
Қас жасаудан қорқамын мен достан да!
Өкпелімін дей алмаймын туысқа,
(Сəл нəрсеге безер болсаң, жуыспа).
Қысылғанда болысатын жат жақсы,
Ағайынды алалайтын туыстан.
Өкпелімін дей алмаймын жарыма,
(Құдай қосқан болар менің бағыма!).
Кейбіреулер жөн-жосықсыз тиіссе,
Сөзім сөйлеп, шығар менің жағыма.
Өкпелімін дей алмаймын тағдырға,
(Мендей жанды бұл өмірде бар қылған).
Амандығын, абыройын тілеймін,
Ұрпағымның ерген менің артымнан.
Өкпелімін дей алмаймын өмірге,
Анам менен əкем отыр төрімде.
«Тəубе!» деймін бір Аллаға күн сайын,
Ойдан қуып пенделіктің бəрін де.
Өкпелімін дей алмаймын өмірге!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу