Өлеңдер ✍️

  18.08.2022
  135


Автор: Батырхан Сәрсенхан

Бұлқыну

Қолымда болса, балам,
Адамзат зор санаған.
Жер шарын әперер ем ойнау үшін,
Жасар ең моншақ одан.
Жайсаң қарт осыны әр күн,
Қайталап масыл болған.
Көп арман қосып алдым,
Қайтпаған ғасырлардан.
Кеудемнен итермеді,
Көрмеді қыспақ қылып.
Әлемді сүйсем дедім,
Сол қолмен ұстап тұрып.
Аударып азғын белді,
Күрексіз қазғым келді.
Милионның тағдырларын,
Түзетіп жазғым келді.
Жаратқан жүрегімде,
Күн-түнге алмасты кеп.
Кешірер бұл өмірге,
Келген соң алғашқы рет.
Жайып сап бәрін сыйдың,
Жайқалған әлем, міне.


Ай құшып, ару сүйдім,
Гүл қойып бал ерніне.
Жарысып дала желмен,
Ақтарып алуан маржан.
Осынау бала кеудем,
Жаралған армандардан.
Сырыңды жалғыз ұққан,
Бірі едім көп құрбының.
Баз кешіп бар қызықтан,
Ақын боп кеттім, күнім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу