Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  135


Автор: Бауыржан Үсенов

ӘДЕБИЕТ КРЕСЛОСЫ

Мансап, мансап...
Мекендеп бір төбенді.
Біреулер жүз жазса да қырт өлеңді.
Кертартпаға қор болған жайыңды ойлап,
Биігіңді қоңыр бұлт бүркегенді,
Тізгінімді жайым жоқ іркер енді.
Дабыра қып өздерін дана санар,
Лай сулар қай кезде толас алар.
Тақсыр мансап,
Басына кез келгеннің,
Оңай ма едің ойланбай қона салар.
Соқыр жаңбыр секілді төкпелеген,
Саясы жоқ ағашқа өкпелемен.
Бірақ қалай халықты сүйсіндірер,
Кресло күшімен өткен өлең.
Қарапайым ұйқасы құралмастан,
Мәлім жайдан жазады бұрап дастан.
Тартпасында таланттың өлеңдері,
Тұншығады жарыққа шыға алмастан.
Кім екенін сұрама менен мұның,
Жақсы жырды жақтаумен келем бүгін.
Осылардың кітабы дүкендерде,
Ешкім алмай түсірер өлең құнын.
Қолдарына тиген соң билік анық,
Өлең жазуды үйретер күйлі халық.
Сапасы жоқ, саны бар кітап жазып,
Балпаң-балпаң басады сыйлық алып.
Тарландардай төс ұрып тасатұғын,
Е-һей нағыз ақындар, осылармен
Уақыт жетті бір соғыс ашатұғын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу