Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  372


Автор: Темірхан Медетбек

Тұсау кесер жыры

Қаз-қаз тұрған сәбидi
Рухымен бабаның
Бата берiп жебеп ал!
Сонан кейiн апарып
Бесiгi деп түрiктiң
Алтай тауға бөлеп ал!
Бөлеп ал да, шешiп ал!
Жөңкiп көшкен көктегi
Қара менен ақ бұлттың
Түбiтiнен иiрiп
Ала тұсау есiп ал!
Жамандықтың бетi аулақ!
Сондадағы адамға
Жүру үшiн күш керек.
Туған жердей қуатты
Ештеңе жоқ өмiрде! –
Сарыарқаға жетi аунат.
Бұл тiршiлiк толқын ғой.
Сол толқыннан өткенде
Берсiншi деп жолын бiр, –
Атыраудың ақ жалды
Толқынына шомылдыр.
Тұсау кесер алдында
Керегiңдi сайлап ал:
Бiр пышағын қайшының
Қаратауға қайрап ал;
Бiр пышағын қайшының
Алатауға қайрап ал!
Қандай қиын белде де,
Қандай қиын жерде де
Түспесiншi қабағың.
Туған жердiң төсiнде.
Жығылмастан, сүрiнбей
Алшайып жүр, қарағым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу