Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  52


Автор: Болат Жетекбай

Кешеден бүгінгі жөн басқа

Кешеден бүгінгі жөн басқа,
Кетілген қайран Ар болмасқа!..
Көзімнің жастарын құрғаттым,
Көп ғапыл өткізген мен қасқа.
Белшеден ұйымаға сіңгесін,
Біздерге енді кім күлмесін?!
Бәрін де құп алдым, шыны сол –
«Сұм» десін, бәзбіреу «жын» десін.
Сезбестей тұрмыстың тарығын,
Сімірдім шайтанның сарығын.
Болмашы бозамық, бозамық...
Сөніп те жағылды жарығым.
Сол сәуле ұлғайып, жарқырар,
Бабымды табуға талпынар.
Бұрқылдап қан ойнар тамырда,
Кешеден бүгіннің парқы бар.
Шым-шымдап сезімім құбылар,
Шарт етпе намысым шынығар:
«Мына жұрт тағы да не дейді,
Алмаған менде не құны бар?!».
...Ал, енді көкірек желдетіп,
Тылсымның тұнығын тербетіп,
Қиялым сонарға самғайды,
Қыранша қанатын серметіп.
Жайым жоқ нәпсімді ұғарлық,
Тәубама тиянақ қыларлық.
Біздегі көңіл-күй, байқасаң,
«Жын» десе, жын деуге тұрарлық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу