Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  69


Автор: Ғалым Әріп

Жұлдыз-ғұмыр

Бесіктен алып терең тынысымды,
Алланың жанарыма нұры сіңді.
Сиынып аруақты бабаларға,
Жазамын құрысым мен тырысымды.
Бабалар – асқақ рух, мұратымдай,
Киелер қолдап дәйім тұратындай.
Жалын-от жанарымда жарқылдаған


Әулиелі әлемнің пырағындай.
Жүрекке ұялатып сезім-селін,
Өзімді Баба-ұрпағы сезінемін.
Көк Тәңір –Жұлдыздардың ғаламынан


Шашады нұр-шапағын көзіме Күн.
Емес бұл сағым сынды елес мүлде,
Білмеймін, табиғатпен тел өстім бе,
Лапылдап жанарымда жанған отты


Лаулаған жұлдыз-ғұмыр демеспін бе!
Жалау ғып алауды өмір сынағында,
Күш құям кеудемдегі жыр-ағынға.
Жауады жан-әлемнің жақұт-сыры,
Жұлдыздай жарқылдаған шырағымда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу