Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  157


Автор: Нұргүл МАУЛИНА

ҰРШЫҚ

Көңілің – көмбе, сақтаған іште шын сырын,
Аяқтай сырлы кетсе де сырың, тұр сының.
Түсімде көрдім: ұстап тұр екем аялап
Алақанымда әжемнің аппақ ұршығын!
Алып ем қолға, жүрегім кетті дүрсілдеп,
«Қалдырып ем ғой, еңбектің дәмін білсін деп».
Қабағың шыттың: «Құлыным-ау, сен қалайша
Ұршығымды менің ұстамай неге жүрсің?» - деп.
«Есімде, әже, құлының қалай білмесін?!
Тіршілік мынау, бұрғызбай мойын жүргесін,
Ұмытыппын-ау».
Ақталған болам өзімше,
Кінәні тағып, пенделік жеңген күнге шын.
Отырушы еді баппенен созып шүйкесін,
Айтасың қандай білекпен өрген биге сын?!
Ақ марқа жүні айналып аппақ дестеге,
Шебер қолменен жататын тауып үйлесім.
Күмбірге көміп қоңыраулы көңіл күймесін,
Ағытушы еді әңгіме-жырдың түймесін.
«Айналайыным, күнім, - деп, - жарық, алтыным»,
Алушы ем барлық мадақтаулардың жүлдесін.
Түсімде көрсем, сағынышым ғой ол менің!
Ұршықтар бүгін – экспонаты көрменің.
Бейнеңе сенің ұқсас суреттер іздеп ем,
Кимешек киген жаулықты кемпір көрмедім.
Көрінбей кетсе, құдіреттің де көзі өлер,
Ұрпағың қайда тарихын елдің ежелер?!
Оймағың қайда қызыңа кесте үйретер,
Ұршығың қайда, жаулығың қайда, әжелер?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу