Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  72


Автор: Алмас АЛТАЙ

ҚЫЗ ТУРАЛЫ ӨЛЕҢ

Жазшы дейсің мен туралы бір өлең,
Жыр жазбауға менде, сірә, жоқ амал.
Әйтсе-дағы, өзіңсің ғой шын өлең,
Бір сыр айтсам, түсінбеген бола қал.
Мақпал түннен бүгетін де сырым жоқ,
Мен сенемін, ол жарайды сақтауға.
Аппақ түнде көз ілетін түрім жоқ,
Көзбен атар бүгін көрер ақ таң да.
Менің күйім мәлім шығар саған да,
Ұйықтай алмай сен де жатқан боларсың.
Мені ұғатын адам бар ма ғаламда,
Әлде, сен де бірімісің солардың?
Түсінікті, тіпті созғым келмейді,
Жүрегімді отқа ораса бір жалын.
Әлемде жоқ махаббатқа шөлдейді,
Ет жүрегім.
Мен осыған ырзамын!
Сырым осы.
Ұқсаң ұғып ал енді,
Тереземде жұлдызды аспан, түн мынау.
Сен туралы қалай жазам өлеңді,
Нағыз өлең өзіңсің ғой, құрбым-ау!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу