Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  66


Автор: Жандос ДЕМЕСІН

ТАҚЫР

Гүл де өсіре алмаған пері көктем,
Анау қырдың тап-тақыр жері неткен?
Сол тақырда бір ауыл болған кеше,
Десем ешкім сенбейді-ау егін еккен.
Ауыл болған, қарашы, молаға да,
(Ауыл сірә моласыз бола ала ма?)
Отыз-қырық шаңырақ болған бір кез
Қазір тақыр боп жатқан сол арада.
Сол арада Азан шал егін еккен,
Еңбегімен маңдай тер төгіп өткен.
Бір ауылды асырап жемісімен,
Қиындығын тұрмыстың жеңіп өткен.
Жемісінен сол шалдың алмақ болып,
Ел ағылған сонау кез төңіректен.
Жасыл болған, ал, енді сарғайған соң,
Жолаушының түспепті жолы көптен.
Айтайын сенбес дейсің тәйірі кім?
Болған екен осындай жайы мұның.
Егін салып бір кезде осы ауылға,
Көп тигізді Азан шал қайырымын.
Бақшасында ағаштар бүрлей толып,
Берді ауылға әдемі күндей көрік.
Егінінің жайқалған жемісінен,
Үлестірді ауылға бірдей бөліп.
Жайнап өссе, еккені бақшасында,
Бағбан үшін бақыт та, бақ та осында.
Тегін беріп таратты әрбір үйге,
Ұсынғанның алмады ақшасын да.
Бағбан сөйтіп дарытты жарлы елге құт,
Көрмеді ауыл ауызы дәмнен кетіп.
Бақилық боп бір күні кете барды,
Азан шалға Алладан пәрмен жетіп.
Болушы ма ед қазада төзім берік,
Жылайды ауыл, Азанның көзін көріп.
Күрек жатыр тұрақ боп боз іргелік,
«Көп ұстаушы ед Шаруа шал сол күректі,
Күрек енді тастады өзін көміп».
Кетті қаза ауылды мұңды қылып,
Бағбан шалдың жоқтығы тұр білініп,
Көздерге «Ием қайда?» дегенді айтып,
Белдеуінде кетпені тұрды ілініп.
Жоқтау айтып қайрымды жанға бәрі,
Жылады ауыл, жылайды зарланады.
Өкінішті...
Содан соң егін салып,
Жолын ешкім Азанның жалғамады.
Көшіп кетті сосын ел сол маңайдан,
Мола қалды төбеде сәл қарайған.
Егін қурап тақырға айналыпты,
Көктемепті содан соң әр қарай маң.
Таралады тақырдан сондай аңыз,
Көрінбейді бұл жерден сол баяғы із.
Мола жатыр тек қана куә болып,
Әруағына біз оның қол жаямыз.
Санау қиын жылдарды содан бергі,
Барлығы да орнынан жоғалды енді.
Тақыр көрсем даладан, көз алдыма
Елестеткім келеді көгал жерді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу