Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  75


Автор: Жандос ДЕМЕСІН

САҒАН

Өмір деген жапырағын жайған бақ,
Сол бір бақтың әсем үнін тыңда сен!
Гүлдей болып тұра берсең жайнаңдап,
Мен өзіңді бір иіскемей тұрмас ем.
Мүмкін емес сенбе мейлі, сен мейлі,
Ғашық болмау сендік сұлу кескінге.
Бірақ менің өлең жазғым келмейді,
«Сүйемін» деп жылап тұрып ешкімге.
Махаббаттың отына өртеп қанатын,
Өлеңдері толып шер мен шеменге.
Жылап кетті менен бұрын сан ақын,
Жылап жатыр кейінгісі менен де.
Бұл махабат өз алдына бір әлем,
Ішінде оның көп болғанмен күйік тым.
Жыламауға тырысамын мына мен,
Жылатпауға сен де тырыс сүйіктім.
Ғашықтықтың шыңдарынан шоқыдай,
Құлап түссем құдай ісі бұл анық.
Жырларымды жыртып таста оқымай,
Тақырыбы сөйлеп тұрса жыланып.
Өмір бақта болғанымен қызғалдақ,
Қыздар үшін жылатпаймын жырымды.
Жылап өлең жаза алмаймын қызға арнап,
Әуел бастан білесің ғой мұнымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу