Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  111


Автор: Сұлтанбек ҚҰДАЙБЕРГЕН

ЖАҺАНДЫҚ АҢСАР

Жанша Досмұхамедовке
Ерлерімнің елі еді хақ арманы,
Таусылғанша жан азық, татар дәмі.
Атар таңды нұсқадың
отардағы,
Қазақ деген жалғызға жаһандағы!
Сұрағанда ақ шейіт майдан – білек,
Семсер тілді сертіңе байланды көп.
Жанша – Жайық құйғанда
Маңғыстауда –
Каспий болып бұлқынды қайран жүрек!..
Тобанияз – Каспий боп бұлқынысты,
Ұстай алмай бодандық ұрты – тісті.
Кім бөгейді болса да құлпы күшті –
«Алаш» деген Жаһандық ұмтылысты?!
Тажал болған жөйт-дөйт сақалшадан,
Қорқатұғын Халел ме, Жаһанша ма?
«Еркек тоқты – құрбандық» болып едің,
Ажал-пышақ алқымға тақалса да...
Бостандықтың таңы еді көздегенің,
Көздегенің жоқ еді өзге керім?!
Қазаншылар жасады өз дегенін,
Білдің, бірақ, қазаққа кез келерін.
Білдің, көкем, бостандық таңы атарын...
Азат күнді мен қазір жаратамын!
Хан-жиында кеңсеге басым шұлғып,
Ал, жырымда... сені іздеп баратамын!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу