Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  191


Автор: Сүгір жырау Бегендікұлы

ӨСИЕТ ТОЛҒАУ

Ал қарайған халық келіп, жиналған соң,
Кеудеден алуан жырлар құйылған соң.
Сүгірдің өз басының еркі бар ма,
Сөйле деп көп жамағат бұйырған соң.
Ал ол күнгі қатар құрбы теңім бар ма,
Қолымнан сарқыт ішкен келін бар ма?
Ал бісімілә, Рахман-Рахим
Әуелі бастағы сөздің сарасы-ай.
Атамыз Адам Жабал-ды,
Жаралғалы дүниеден
Малғұн шайтан мәуіттің,
Әуелгі сөздің сарасы-ай.
Жақсыменен жаманның,
Жүйріктермен шабарым.
Жер менен көктің арасы-ай.
Ал, мына жігіттің
Жаман болғаны,
Қалмайды ажал кезектен,
Және де мысал айтайын.
Дүниеде жайсаң әлеумет,
Біреудің ақын жемесең.
Мен білемін демесең,
Алланың берген тағында.
Талайдың гәуһар нұры бар,
Біреулер бай ғой байқасаң,
Біреулер жарлы, мысалы.
Жарлыларды жылатып.
Байға да көңіл салынба,
Байлыққа нәлет бар деген.
Болмаса зекет малында,
Құр дәулеттен не пайда.
Барында ішіп жемесе,
Төрдегі тұрған ақ сауыт.
О да бір күн тұл болар,
Ақ денеге кимесе.
Белдеуде тұрған Арғымақ,
Жабыменен тең болар,
Безентіп ерлер мінбесе.
Сұлудың көңілі кем болар,
Бауырынан бала өнбесе.
Ағаның көңілі жер болар,
Басынан кетіп базары,
Артынан іні ермесе.
Бұл дүние баянсыз,
Жақсының көңілі серлесе.
Жолдас та болып жақсымен,
Ол да зәм-зәм суындай,
Жұбатады көңілді,
Азамат ерлер шөлдесе.
Мұхамедке үмбет болғандар,
Иманға көңілі толғандар...
Рзық қылып иманға,
Көңілім кетті аспалап.
Арқасында халқымның
Мол дүние жиғанға.
Халқым берген сол Рзық
Араша мына болар ма?
Қызыл таңда көз жұмып,
Шыбын жанды қиғанда.
Жастыққа тисе жұмыр бас,
Қалармыз бір күн алынып.
Ағайын, тума, қарындас,
Қамығарсың сағынып,
Кешегі жастық күнінде,
Молдалар айтса алыстым,
Бірталай жерге барыстым,
Кінәлі жалғыз мен бе деп,
Тексеретін мына мені сен ба деп.
Күнә болса жыршылық,
Абыл менен Қабыл екеуін,
Жеті түрлі сазбенен.
Кеудесіне сиғызып,
Тудырған мына мен бе деп.
Алланың берген ақ сөзін,
Айтпа дейсің халқына.
Қанша бір молда болсаң да.
Ақылың пәнді өлшеулі,
Осыларың жөн бе деп.
Ал сегіз жұмақ сарай бар,
Мұсылманға салынған.
Жеті тұзақ тағы бар,
Бірінші тұзақ ол күнде,
Кірлеген көңіл дініңнен.
Екінші тұзақ болады дейді,
Теріс қылық ісіңнен.
Үшінші тұзақ тағы бар,
Зекетсіз берген малыңнан.
Төртінші тұзақ тағы бар,
Некесіз алған жарыңнан.
Бесінші тұзақ тағы бар,
Қарасы көп басыңда
Інің менен ағаңнан.
Алтыншы тұзақ тағы бар,
Теріс қылық ісіңнен.
Сол уақыттар болғанда
Айтады дейді бір Алла.
Әй күнәһар құлдарым,
Білмедің бе дүниенің,
Уақытша ермек қылғанын.
Саған да мейман сол күнде,
Бес уақыт намаз отыз күн,
Риза қылдым білсін деп.
Жәнаттан алып мал бердім,
Сорпасын ішіп жесін деп.
Аузыңа тіс бердім,
Қиналмай ләхат көрсін деп.
Екі аяқты қондырдым,
Пырақ қылып мінсін деп.
Қойныңа жар бердім,
Раушан ойнап күлсін деп.
Ұл мен қызды мен бердім,
Әмірімді білсін деп,
Сонда да мені білмедің.
Сені жаяу қылмадым,
Пырақ бердім астыңа.
Өлгенше мына көсіліп,
Жорға астына мінсін деп.
Сәби алдым балаңды,
Тұзаққа жақып барғанда.
Арашалап атасынан,
Анасы келіп алсын деп.
Қабаты қалың қара жер
Әуелде сенің анаң ол,
Анасын келіп емсін деп.
Арапа таудың үстіне
Ата-Ауана бұл екеуің
Бауырынан сен өнсін деп.
Аспалаған көңілі,
Сенде пақыр пендесің.
Соған да тіпті сенбеген,
Қадамым биік таудағы.
Адайда Сүгір мен едім,
Ортасында халқымның
Осылай сөйлеп көрмеген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу