Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  99


Автор: Сүгір жырау Бегендікұлы

Бас жүлдегер — «Құла айғыр»

Біссімілә, сөз басы,
Сөз сөйлейін азырақ,
Тіней деген ауылдың,
Басы менен малы тең өскен,
Бимағанбеттің ұрпағы,
«Ешкіқырған» судың басында,
Үш жүз үй тігіп халыққа,
Бимағанбетке ас берген,
Тоқсан ат қосқан ұлы шабысқа,
Бас байрағы-бәйгі аттың,
Екі діллә алтын мен,
Кілем жапқан нар еді.
Екінші сыйлық,бәйгі аттың,
Байрағы малдан бар екен,
Балабайдың «Құла айғыры»,
Жануарды қарасаң,
Алқалы дуды көргенде,
Көзі оттай жанады,
Мүсінді келген жануар,
Тұрпатың айтсам сипаттап,
Ойық желке, серке сан,
Шоқтығы биік жаралған,
Омырауы есіктей,
Ойынды еті бесіктей,
Төрт аяғы шәйнектей,
Екі көзі әйнектей,
Кер маралдай керіліп.
Аяғын топтап басады,
Күйі түсіп бапталса,
Дүр сілкінгенде жануар.
Үстіндегі бәйге баланы,
Шапқан сайын жануар,
Ұшырып тастай жаздайды.
Құлашын кеңнен жазады,
Айқай, дуды көргенде,
Құландатып бұлтылдап,
Шабысына шабыс қосады
Бимағанбеттің асында
Түп көтермешінің тұсында,
Жеке келді «Құла айғыр»,
Бәйгі бала кетіп барады,
Ұран шақырып «Қосайлап»,
Түп көтермеде тұрғандар,
Талайы шапты «Қосайлап»,
Айқай, дуды көргенде,
Қос құлағын қайшылап,
Арындап шапқан жануар.
Бір адамға жеткізбей,
Бірінші болып алдымен,
Бәйгіден келген «Құлаайғыр»
Сүйретіп шылбыр бос айдап,
Екінші болып бәйгі алған,
Тіней Бимағанбеттің «Торы айғыры»
Тілегеннің әкесі,
Үшінші болып бәйгі алған
Сердалының Бекесі,
Салтанатты байдың көкесі,
«Ақ ауыз» деген ат екен,
Бимағанбеттің асында,
Қосайдан келді үш айғыр,
Бәйгілер қалды ошаққа,
Бас палуанға шығып Дүйсенің,
Нарын алды жетектеп,
Күміс ақшасын алды етектеп,
Бұл байрақ та қалды ошақта,
Ақсақалы Қосайдың,
Бұрынғының жолы дсп,
Ылайығы осы деп.
Ата ұлына халықтың,
Қара бурыл жорғамен,
Атамағанбет деген мырзасы,
Үлестірді ошақтағы байрағын,
Разы болып Адайдың,
Даңқы шыққан шалдардың,
Дари берсін берекет,
Патиясын берген қол жайып,
Бимағанбеттің асында.
Дәріптеп айттым құла атты,
Тоқсан ат қосқан ұлы шабыстан,
Жеке шауып озған соң,
Ноғайдан туған Балабай,
Байрағы деп шәйірдің,
Құла айғырдың бір тайын,
Құлағын тіл де қоя бер,
Еншісі деп Сүгірдің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу