Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  81


Автор: Бесінбай Бегеніш

Егіз ой

Егіз ой бір-біріңнен бөтен бе едің?
Естілген бір-біріңе жөтелгенің.
Ортаңды Үстірт қосқан жонын тосып
Қатынап сол Үстіртпен өтем тегін.
Ел жаңа елу жылда өзгергенін,
Байқадық осыларды көз көргенін.
Екі ойдың махаббатын жалғап жатқан
Үстірттің құба дөңі өзгермедің.
Барғанмен Хорезімге арланбадым,
Жай таптым. Қоныс теуіп қалғандығым.
Бірде анау, бірде мынау ауысқандай
Өмірде көрсетіп жүр жалғандығын.
Күз еді қоңыр салқын сол бір жылдар,
Тапшылық. Маңғыстаудан соқты ызғар.
Хорезім есік ашып сипап маңдай
Атанған қазір келіп бізге «құлдар».
Келді деп қойын ашқан киелі елден,
Жүгері теңдеп қайттық түйеменен,
Бас зеңіп балтыр егер сыздағанда
Ағайын болама егер сүйемеген?
Сол жолым әлі жатыр соқпақ болып,
Байғұздар талай қалған сақ – сақ күліп?..
Ала арқан, қоңыр қаптар музейде тұр
Мес, жұмыр, шидем менен тоқпақ,құрық...
Анау жал ат шалдырған белес еді,
Дей алман ұмыттым – ау елес еді?
Екі ой тек бір-біріне мойын созса
Ойнаған аударыспақ емес еді?
Хорезім Маңғыстаудың сыңарындай
Қарсы алдың бауыр ашып шырайлы жай
Бес қала бесігінде тербетілген –
Диханшы кәсібінен ұғарың бай.
Қара ойдың ырыс құйса етегіне,
Ағайын тату болса жетеді де!
Тілектес ақ ниетпен келіп жатса
Тараған түркі туыс бөтені не?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу