Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  86


Автор: Бесінбай Бегеніш

Керуен жолының бойындағы нардың басы.

Сол бір бас сахараның сызын тартқан,
Аумайтын ғұламадай Абыз қарттан.
Табанмен талай таптап осы дөңді,
Елімнің әрлі – берлі жүгін артқан.
Жүк тасып осы жолда терін төккен,
Керуен кемесіндей нарлар өткен.
Қалдырып бас сүйегін ұлы жолда
Ғасырдың куәсіндей бізге жеткен...
Тарих парақтары десте –десте,
Ойлансам көп нәрсені салар еске.
Кездесіп қу баспенен айдалада
Отырып қалыппын – ау сол бір кеште...
Тартқандай қыл арқанмен дөңнің жоны,
Алдымда сайрап жатыр керуен жолы.
Үргіштеп топырақты боратқанмен
Жаба алмай өршіленген желде долы.
Жүргінші қарап өтер сол бір басқа,
Бәрібір кейбіреуге бас па, тас па,
Көңілде сайтан оты лыпылдайды
Елеусіз құр далада қалдың қасқа?!
Қапталда нардың басы сол бір қалған,
Табанмен керуен жолвн өзі салған.
Кім айтар, кім жеткізер соның бәрін
Жол ұшы жеткізбеген дүние жалған?!
Таптаған көл табанмен дөңнің жонын,
Бастаған басы нар боп әскер қолын
Шарлаған қиырлардан қиырларға
Бас сүйек болып шықтау анау соның.
Кезінде көштің алдын бермегенмен,
Уақыт өтіп жатыр дөңгеленген,
Әр дәуір қайыспастай қара нармен
Дөңгелеп жолын салған көлденеңнен.
Олар да өз кезегін ақтап жатыр,
Сүрлеулер су да көлде қаптап жатыр.
Ұршықтай үйірілген уақыт шіркін
Қу басты қапталдағы таптап жатыр...
Жырланса барлығынан қалар дастан.
Өкпек жел жұлқый тартып алып қашқан,
Шарлаған шар тарапты қазақ нарын
Сезініп сілкінемін танып бастан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу