Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  85


Автор: Бесінбай Бегеніш

Күрең мая.

Қырық бірде қайымал күрең мая,
Әкеміз бата беріп қолын жая,
Сыбырлап кеткендей – ақ құлағына
-Өз ботаңмен сыңардай соңымды ая!? –
Кейде еске түсіп кетер осы маған,
Сауып ап сүт пісірген мосы таған,
Аманатты мойынға іліп алған
Күрең мая біздерді асыраған.
Жетімдік жүдеу көңіл аласа едік,
Сонда біз күрең мая баласы едік,
Ботамыз біз ұшеуміз – төртеу болып
Жүргендей бауырыңды таласа еміп...
Төрт емшек төртеуміздің еншісіндей,
Анамыз күтуші еді төлшіміздей,
Жыртық пен жамаулардан жетілгенбіз
Жасаған жар болды да елшіміздей.
Өрістен қайтса боздап қуанамыз,
Алдынан шелек қолдап су аламыз,
Біз саған жәутеңдеумен күрең мая
Қатайып, жетілді ғой бұғанамыз.
Киесі деп білемін баталардың,
Көбіне қазір әке, аталармын,
Кезінде жасаураған төгілген жас
Көзінде қалған солай боталардың.
Қорықтық жекіп біреу ырылдаса,
Ошақтар от басына құрылмаса?
Әлі де төбе құйқам шымырлайды
Далада бота даусы шырылдаса?!
Ішемін сүт күйінде саумал саусын,
Еске алып сол бір кезде сағым аусын,
Сүйсінем өрісінен түйе қайтса
Ыңырсып үйге келген түйе даусын.
Аралап сай-салаң мен тау-тасыңды,
Өрістен сүтін алып қайтатын-ды,
Ауылға беттегендесағынышпен
«Боталар қайдасыңды?» айтатын-ды.
Марқайып қалатынбыз еленген біз,
Сүтінен бәрімізде бөле емгенбіз,
Жүнінен тоңбайтындай күпі жасап
Жатарда жүн шидемге бөленгенбіз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу