Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  112


Автор: Бесінбай Бегеніш

Тайғыр

Тайғырда тай қырылған делінеді,
Оны айтсам Тайбағар қарт егіледі.
Бабамның өзі қалған , ізі қалған,
Әлқисса, жыр боп кейде төгіледі...
Қиянға құлаш ұрған жазық далам,
Ықтысын кез келген жер қысса боран.
Жаратқан әдейі бір ойластырып,
Терең ой қорғанбайды дайын қораң...
Алласы дайын етіп өзі қиған,
Сол ойға төрт түлігің түгел қылған.
Жұт жылы ұлы қырдан төмен түсіп
Күйреуік, тітірін жеп есін жиған.
Бір шеті Исан түбек ұласады,
Шағала соры жатыр Тұз-тосабы,
Киелі, қасиеттер күш сынасқан
Аңыздың өріледі бір жосағы...
Темір баба орнығып ең шетіне,
Ада-арал өзі соғып көл бетіне,
Зайырмен желеп-жебеп жататындай
Сыйынып тағзым еткен кел-кетінге.
Өткендер қоныс тепкен Тайғыр мекен,
Қысы жылы, жазы ыссы ала бөтен.
Өзіне қатпар-қатпар сырды бүккен
Ауданның кең жазығы «Тайғыр» екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу