Өлеңдер ✍️

  08.08.2022
  77


Автор: Бесінбай Бегеніш

АБЫЛ АҚЫН БЕЛГІСІНІҢ БАСЫНДА

Білесің бе? Тыңдап қара, айналайын бауырым,
Сенің жақын Абылың, менің жақын Абылым,
Ақын жырын көңіліңе құмарланып құя біл,
Оның сөзі – бәрімізге тағылым...
Маңғыстаулық мақтанышың, еркін айтар назың бар,
Даралаған Есмағанбет, аты шулы Қажымдар
Кезеңінде ақындығын сомдап бізге жеткізген,
Артық қандай қазың бар?
Абыл үшін – қандай мақтау – бәрін де мен құптармын,
Ол жырласа, жел өтінде тұра алмаған ықтар мың,
«Заманға сай үздік ақын» - деген оны ғұлама,
Бағасы – бұл - Мұхтардың!
Басқаларға жібермеген сөзге деген есесін,
Қаймықпастан бөгелдірген хан – сұлтанның нешесін,
«Жыр қаймағын аздап іш» - деп ұсынғанға Абылға
Жұтып қойған түгелімен кесесін.
Содан жырлар ақыныңнан ағыл – тегіл төгілсін,
Қалғандары жете алмастан шаңын жұтып, көмілсін!
Құйылғанда бал көмейден достар түгел елжіреп,
Дұшпандары қошаметпен егілсін!
Сөз маржанын төге берген, төге берген маңдайдан,
Халық атынан сөйлей біліп, құрметке бөленген сондайдан,
Сыйлаған ба? Құрметтеу жолы шығар , түсінсек,
Анда – санда тосылыпты Балдайдан!
Түрікпеннің ең атақты Мақтымқұлы пырағы:
«Ақтар жырды, тосылмашы, - деген екен – шырағым ».
Мойындаған тыңдағанда қарақалпақ Ақтажы қыз
Абыл төккен жыр – ағын!
Түгендеуші ұрпағың бар барың менен жоғыңды – ай,
Қаратөбе басынан тасқындап жырлар ағылғай.
Батаңды бер, жыр Ата! Ізбасарлар көбейсін,
Ұл тусын елім Абылдай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу